Munarmedia.kz 08.10.2025 /Астана/
Ақтөбеде ерекше көлемдегі алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты. Өзін “емші” деп таныстырған әйел ондаған азаматтың сенімін пайдаланып, 579 миллион теңге көлемінде зиян келтірген.
Сот материалдарына сүйенсек, айыпталушы К. есімді әйел халыққа ем-дом көрсетемін деп, бір мезгілде “мешіт пен медициналық орталық салуға, шетелде баласын емдетуге және өз ісін дамытуға” деп қаржы жинаған. Осы желеумен ол емделушілерінің атына әртүрлі банктерден несиелер рәсімдетіп отырған.
Әйел ай сайынғы төлемдерді жаңа несие есебінен жауып отырған, яғни “қаржы пирамидасына” ұқсас жүйе құрған. Ақыры бұл әрекеттері 136 адамның қаржылық күйреуіне әкелді. Жалпы келтірілген шығын — 579 миллион теңге.
Айыпталушы өз кінәсін мойындамағанымен, Ақтөбе қалалық №2 соты оны 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Алайда, ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, оның жазасын өтеу 2 жылға шегерілді, себебі айыпталушының кәмелетке толмаған баласы бар және ол 14 жасқа толғанша анасының жаза мерзімі кейінге қалдырылды.
Зардап шеккендердің азаматтық талаптары сотта ішінара қанағаттандырылды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұл оқиға қоғамдағы жалған “емшілік” пен соқыр сенімнің қаншалықты қауіпті екенін тағы бір дәлелдеп отыр. Көп жағдайда “рухани емші” немесе “дәстүрлі тәуіп” атын жамылған алаяқтар адамдардың дертін емес, қалтасын емдеуге көшкені өкінішті.