Арал теңізі бассейнінде 40-тан астам экологиялық жоба жүзеге асырылып жатыр: Астанада Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының екінші отырысы өтті

25

Munarmedia.kz | 11.10.2025 | Астанада Қазақстанның төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) басқармасының екінші отырысы өтті. Жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозумбаев төрағалық етті. Отырысқа Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев, Тәжікстан Премьер-министрінің орынбасары Сулаймон Зиёзода және Түрікменстан Ауыл шаруашылығы министрі Чарыяр Четиев қатысты.

Кеңеске бақылаушы ретінде Қырғыз Республикасы Ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі және су ресурстары министрлігінің Су ресурстары қызметі директорының орынбасары Абдыбай Жайлообаев та қатысты.

— Бүгінде халықаралық қауымдастық бізден жай ғана декларациялар емес, нақты әрекеттер күтеді. Арал теңізінің тағдыры, трансшекаралық суларды әділ әрі тиімді пайдалану, табиғи ресурстарды сақтау — бұл тек өңірлік емес, жаһандық маңызы бар мәселелер. Олар тұрақты даму, азық-түлік пен энергия қауіпсіздігі және миллиондаған адамның өмір сапасымен тығыз байланысты. БҰҰ Бас Ассамблеясының соңғы сессиясында біздің елдердің көшбасшылары қоршаған ортаны қорғау үшін сенім мен ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан бұл ұстанымды толық қолдайды, — деді өз сөзінде ҚР Вице-премьері Қанат Бозумбаев.

Отырыс барысында тараптар келесі жылы сәуірде өтетін ХАҚҚ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесіне дайындық барысын және Қазақстанның 2024–2026 жылдардағы төрағалығы кезеңіне арналған жұмыс жоспарының жүзеге асуын талқылады.

Сондай-ақ, Арал теңізі бассейніндегі елдерге көмек көрсетуге арналған іс-қимыл бағдарламасының іске асуы, Орталық Азияда тұрақты даму үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламаның жүзеге асырылуы, және ХАҚҚ-ның ұйымдық құрылымын жетілдіру мен құқықтық базасын дамытуға бағытталған жұмыс тобының қызметі сөз болды.

Қазіргі уақытта Арал теңізі бассейнінде 42 экологиялық жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банктің қолдауымен екі өңірлік гранттық жобаны іске қосу мәселесі қарастырылуда.

Жиын соңында ХАҚҚ Атқарушы комитетінің 26 наурызды — Арал теңізі, Әмудария және Сырдария күнi ретінде халықаралық деңгейде атап өту туралы ұсынысы талқыланып, Қор басқармасының шешімдері ресми түрде құжатқа бекітілді.

Фото: @KZgovernment