Munarmedia.kz 14.10.2025 жыл /Астана/-Бүгін Мәжілісте өткен ішкі істер органдарының брифингінде депутат Наталья Дементьева Қазақстан армиясындағы жауынгерлердің өлімі мен әлімжеттік фактілерін ашық көтерді.
«Мен — қазіргі уақытта әскери борышын өтеп жүрген сарбаздың анасымын. Менің ғана емес, басқа да аналардың жанайқайы бір — армиядағы қатігездік, сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсауы мен қаза табуы тоқтар емес. Бұларды жеке оқиғалар деп қарауға болмайды. Бұл жағдай қоғамның Қарулы күштерге ғана емес, тұтас мемлекеттік институттарға деген сенімін әлсіретеді. Сол себепті нақты шаралар қашан қабылданады? Неліктен бейбіт заманда сарбаздар өліп жатыр?» — деді депутат ашынып.
Оның бұл сауалына жауап берген қорғаныс вице-министрі Шайх-Хасан Жазыҡбаев ведомство «бейжай қарап отырған жоқ» деп мәлімдеді.
«Қазір біз ұйымдастырушылық және әдістемелік құжаттар әзірлеп жатырмыз. Әскери психологтар біліктілігін арттыру курстарынан өтуде. Сонымен қатар психикалық денсаулық орталықтарының мүмкіндігін пайдаланудамыз. Telegram желісінде жасанды интеллект негізінде тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы бот іске қосылды — ол әскери қызметкерлер мен олардың отбасыларына психологиялық қолдау көрсетеді», — деді ол.
Жазықбаевтың айтуынша, Қорғаныс министрлігі әскерге іріктеу кезінде жаңа психодиагностикалық әдістер енгізу үшін арнайы жұмыс тобын құрған. Қазір студент-психологтар әскери бөлімдерде тәжірибеден өтуді бастаған.
Ал Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева бұл шаралардың жеткіліксіз екенін айтып, мәселені тікелей әскери бөлімдердің өзінде шешу қажет екенін атап өтті.
«Психологиялық көмек — тек бір бөлігі ғана. Негізгі жұмыс сарбаздар күнделікті өмір сүретін ортада жүруі тиіс. Егер әскери тәртіп пен бақылау жүйелі болмаса, қанша тренинг пен бот іске қосылса да нәтиже болмайды», — деді ол.
Қазақстан армиясындағы әлімжеттік пен сарбаз өлімдері — қоғамды жиі толғандыратын мәселе. Соңғы айларда бірнеше бөлімде сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсағаны мен әскерде қаза тапқаны туралы ақпараттар жиілеп кетті.
Бірақ депутаттардың айтуынша, қоғам нақты жауап пен жүйелі шешімді әлі де күтіп отыр.
Фото: архив / Munarmedia.kz