Тик-ток пен инстаграмды жаулап алған радикалды ислам идеологиясына қарсы күресте Нұрлан имам сияқты танымал дәстүрлі уағызшыларды пайдалану жоспарланып отыр. Домбыра мен Наурызды харам деу, Қазақстан туына араб қылышын қойып никабпен фотоға түсу сияқты әрекеттердің көбеюі билікті ойландырып тастады.
Қазірден бастап Нұрлан имам мешіт емес, мектептің көбірек қажеттігін, қазақтың салт-дәстүрлері мен ырымдарының харам еместігін кеңінен айта бастады. Бірақ жалғыз имамның күші жеткіліксіз. Сондықтан штаб қажет деп тапса, онда бұл операцияға "Мәңгілік ел" ботофермасы тартылуы мүмкін. Еліміздегі нөмірі екінші ботоферма халықаралық ПРОНТО-мен кәдімгідей күресе алады.
Билік діни мәселені биыл реттеп тастап, қазақтарды бір идеология аясында жұмылдыруға ниетті. Себебі президенттік сайлау жақындап келеді. Осы кезде сыртқы күштер қазақтілді электоратты діни көзқарасы бойынша бөліп жіберіп, өз мақсатына пайдаланып кетуі ғажап емес.
Биылдан бастап әлеуметтік желілерде діни талас пен тартыстың күшейгені байқалады. Бәрін харам деп жатқан исламистерге жауап ретінде ұлтжанды қазақ жастары мұсылмандықтан шығып, өздерін агностик немесе "Тәңірге оралдық" деп жариялауда. Билік үшін осы мәселені ушықтырмай тезірек реттеу қажеттілігі туындады.