Аспандаған тарифтер мен наразы жүргізушілер: «Яндекс Такси»-ге жүргізілген аудит не көрсетті

51

Munarmedia.kz.11.07.2025 ж. /Астана/-Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау агенттігі (АЗРК) «Яндекс Такси» сервисінің тариф қалыптастыру жүйесіне жүргізілген аудит нәтижелерімен бөлісті. Тексеру жұмыстары Цифрлық даму министрлігі мен салалық мамандардың қатысуымен өткізілген.

Алғашқы аудит қорытындысы бойынша, жүйеде жолақы құнын негізсіз қымбаттатуға және жүргізушілер табысының төмендеуіне ықпал еткен бірқатар даулы жайттар анықталған. Атап айтқанда:

▪️ қаланың шынайы әкімшілік шекаралары мен сервистің қолданатын шекараларының сәйкес келмеуі;
▪️ бағаның нақты емес, «бағадан тыс» факторлар есебінен өсуі;
▪️ қосымшада жолақының қалай есептелетіні туралы толық ақпараттың болмауы;
▪️ әуежайда жолаушыларды орналасқан жері бойынша алалаушылық және басқа да мәселелер.

Тексеру нәтижесінде «Яндекс» кейбір кемшіліктерді жойып, қалған бұзушылықтар бойынша шаралар қабылдауға уәде берді.

Сондай-ақ, компанияға «Яндекс+» адалдық бағдарламасын қайта қарау міндеттелді. Енді бұл бағдарлама аясындағы жеңілдіктердің барлық құнын компанияның өзі өтейтін болады. Бұдан бөлек, сервиске жолақының сағаттық жүктемеге байланысты негізсіз өсуіне жол бермеу және жүргізушілер табысына нұқсан келтірмеу тапсырылды.

Кездесу барысында АЗРК-ға жүргізушілерден түскен шағымдар талқыланып, «Яндекс» компаниясының 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы қызметіне қатысты есебі тыңдалды.

Айта кетейік, «Яндекс Такси» қызметінің баға саясатына бақылау жүргізуді АЗРК жанынан құрылған мониторингтік топ тұрақты түрде жүзеге асырады.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандағы такси қызметі бағасы ТМД аумағындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі екені хабарланған еді.