Назарбаев Университеті ашылғанына 15 жыл өтсе де, қазақ ғалымдар әлі күнге дейін басқарушылық қызметтен тыс қалып отыр.
Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов мәселе көтерді деп жазады Ertenmedia.
Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда Назарбаев университетінде декан қызметін атқарып отырған жалғыз қазақ бар. Өзге жоғары лауазымда ешбірі қазақ емес. Университетте отандық мамандар көбінесе көмекші қызмет атқарады, ал негізгі академиялық және басқарушы позициялар әлі күнге дейін шетелдік мамандарға тиесілі.
Ол сондай-ақ, университетті «жабық клуб» моделінен бас тартуға шақырды.
Бүгінде оқу орнында жұмыс істейтін қазақтардың басым бөлігі техникалық, әкімшілік персонал ғана.
Университеттің негізгі стратегиялық шешімдері мен академиялық басқаруы әлі де шетелдіктердің қолында.
«Назарбаев университеті бюджет есебінен қаржыланатын оқу орны. Сондықтан ел азаматтарына жол ашып, оларға сенім артатын уақыт әлдеқашан келді. Бізге университеттің жабық элиталық клубтан қазақстандық ғылыми-академиялық орталыққа айналғаны керек», – деп түйіндеді Аймағамбетов.