Munarmedia.kz /Астана/ 4 шілде 2025 жыл-Елордадағы беделді білім ордасы — «Astana English School» халықаралық мектебінің бұрынғы директоры мен бас есепшісі 900 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен тергеуі барысында мәлім болды.
Ақша қайда кеткен?
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, мектептің нөлдік сыныптарына қабылдау мен жазғы лагерьге қатысу үшін ата-аналар қолма-қол төлеген ірі көлемдегі қаражат мекеменің ресми шоттарына мүлде түспеген. Болжам бойынша, бұл қаржының басым бөлігі тікелей күдіктілердің иелігіне өткен.
Сондай-ақ, 16 миллион теңге көлеміндегі жалақы жалған қызметкерлердің атына аударылған. Анықталғандай, бұл «өлі жандар» – мектепте ешқашан жұмыс істемеген, бірақ еңбекақы алып келген тұлғалар. Олардың арасында күдіктілердің туыстары да бар екені белгілі болды.
Жымқырған ақшаға не алған?
Алынған қаражатқа күдіктілер Астанадан екі пәтер, бір коттедж және жеңіл автокөлік сатып алған. Бұл мүліктер қазіргі кезде тәркілеуге қойылған.
Тергеу жалғасуда
Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша қамауға алынған. Қаржы мониторингі агенттігі бұл қылмыстық істі мемлекет қаражатын талан-таражға салудың айқын мысалы ретінде сипаттап отыр.
Мұндай жағдай еліміздің білім беру саласында бақылау мен қаржылық есептілік мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетеді. Тергеу аяқталған соң іс сотқа жолданатын болады.