Астанада 200-ден астам сарбаз Отанға адалдық антын қабылдады

37

Munarmedia.kz 17.11.2025 /Астана/ Астанадағы 68665 әскери бөлімінің жас сарбаздары «Отан қорғаушылар» алаңында салтанатты түрде Әскери ант қабылдау рәсімін өткізді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап Kazinform хабарлайды. Сарбаздарды қолдап, қуанышты сәтті бірге бөлісуге Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы, құрметті қонақтар, Қарулы күштер ардагерлері, қалалық қорғаныс істері департаментінің өкілдері мен сарбаздардың туған-туыстары қатысты.


Дәстүр бойынша қатысушылар «Отан Ана» монументіне гүл шоқтарын қойып, қазақстандық жауынгерлердің ерлігін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Салтанатты шараға жиналғандарды Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы, генерал-майор Қуанышбек Ұштаев құттықтады.

— Бүгін – тек сіздер үшін ғана емес, бүкіл ел үшін ерекше күн. Сіздер Отан алдында ант қабылдап, халқымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға үлкен қадам жасадыңыздар. Ант – жай сөз емес, ол әр ер азаматтың өмірлік ұстанымы, ар-намысы. Сіздердің қызметтеріңіз болашақ жетістіктеріңізге берік негіз қалатынына сенемін, — деді генерал.


Жас сарбаздар елдің түкпір-түкпірінен келген. Солардың бірі Түркістан облысынан шақырылған Ернұр Досымхан әскери борышын өтеуді өзі қалағанын айтты.

— Көпбалалы отбасынанмын, он үш бауырларым бар. Әрине, оларды сағынамын. Бірақ әскерде алған тәжірибе болашақта міндетті түрде керек болады. Үлкен отбасымызға сүйеніш болуым қажет. Ант қабылдауға жақсы дайындалдық, жас жауынгер курсында көп нәрсе үйрендім, әскери тәртіпке үйреніп қалдым, — деді ол.

Рәсім барысында әскери бөлімнің екі офицері — капитан Сұңғат Қабдыров пен старший лейтенант Ернар Кенжебайға Қарулы күштер ардагері, генерал-майор Әлихан Жарбұлов мерейтойлық медаль табыстады.

Ант қабылдағаннан кейін сарбаздар алаңнан салтанатты саптық шерумен өтті. Кейін олар әскери-патриоттық әндер орындап, қоян-қолтық ұрыстың элементтерін көрсетті. Шара Құрмет қарауылы ротасының саптық дефилесімен аяқталды.

Бұған дейін Қорғаныс министрінің бұйрығымен Бастапқы әскери дайындық ережелеріне өзгерістер енгізілгені хабарланған болатын.