Астанада 274 отбасы баспанасыз қалды: заңсыз салынған Mardan тұрғын үй кешені сүріліп, 4,1 млрд теңге шығын келтірілген

52

Munarmedia.kz.24.09.2026.ASTANA. Астанада Mardan тұрғын үй кешенінен пәтер алуға ақша төлеген 274 отбасы тығырыққа тірелді. Құрылысы заңсыз деп танылған тұрғын үй кешені былтыр сүрілген. Ал пәтерге деп қаржы құйған азаматтар әлі күнге дейін қаражатын қайтара алмай отыр.

Елорда прокуратурасының мәліметінше, тұрғын үй кешенін салуға «Asyl-Nur Qurylys» ЖШС жауапты болған. Алайда құрылыс компаниясы қажетті рұқсат құжаттарын алмай, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаған.

Тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталып, құрылыс салушыға оларды жою туралы нұсқама берілген. Бірақ компания талапты орындамаған. Нәтижесінде сот өз бетінше салынған нысанды бұзу туралы шешім шығарған.

274 отбасыға 4,1 млрд теңге шығын келген

Елорда прокуратурасының хабарлауынша, Mardan тұрғын үй кешеніне қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданған.

Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз құрылыс салдарынан 274 отбасы зардап шеккен. Оларға келтірілген жалпы шығын көлемі 4,1 млрд теңгені құраған.

Сот санкциясымен құрылыс салушының жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салынған.

Қылмыстық іске қатысты төрт күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Осылайша, пәтерлі болуды армандаған жүздеген отбасы қаржысынан айырылып, баспана мәселесімен бетпе-бет қалып отыр. Қылмыстық істің сотта қаралуы зардап шеккен азаматтардың шығынын өтеу мәселесіне де тікелей әсер етуі мүмкін.

Дереккөз: Астана қаласының прокуратурасы.

#Munarmedia #Астана #Mardan #Үлескерлер #ТұрғынҮй #Құрылыс #ЗаңсызҚұрылыс #ҚұрылысСалушы #Прокуратура #ҚазақстанЖаңалықтары