ASTANA, 14.06.2026, Munarmedia.kz – Елордадағы Qazaq Creative Hub алаңында Креативті индустрияларды дамыту корпоративтік қоры жүзеге асырып жатқан Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Ақмола облысы-ның креативті жәрмеңкесі өз жұмысын бастады.
Аталған жоба Мемлекет басшысының креативті индустрияны қолдау және дамытуға бағытталған тапсырмаларына сәйкес іске қосылып, жергілікті брендтерді ілгерілетуге, қолөнер саласын дамытуға және өңірлердің шығармашылық әлеуетін танытатын бірыңғай алаң қалыптастыруға бағытталған.
Жәрмеңкенің ашылу рәсіміне Аида Балаева және Марат Ахметжанов қатысты.
Іс-шара аясында елорда тұрғындары мен қонақтары 10 түрлі интерактивті алаңда өңір шеберлерінің туындыларымен, авторлық коллекцияларымен, жергілікті брендтерімен және креативті жобаларымен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар келушілер үшін этно-брошь жасау, қыш өнері, көркем құю, құрақ құрастыру, көрпе және жастық тігу бағыттарында шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, заманауи бейнелеу өнеріне арналған танымдық дәрістер де өткізілді.
Ұйымдастырушылар креативті экономиканың жаңа бағыттарына ерекше назар аударған. Event-аймақта IT, digital және media-жобалар, робототехника, game development, жасанды интеллект, ішкі туризм және киберспорт салаларындағы стартаптар көпшілік назарына ұсынылды.
Мамандардың айтуынша, бүгінде Ақмола облысы аумағында креативті индустрия саласында мыңнан астам субъект тіркелген. Өңірде зергерлік өнер, ұлттық музыкалық аспаптар жасау, ағаш өңдеу, дизайн, fashion-индустрия, қолөнер, сондай-ақ IT және digital жобалар қарқынды дамып келеді.
Сарапшылар бұл бастаманы өңірлік экономиканы әртараптандыруға және жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалап отыр.
#Munarmedia #ASTANA #АқмолаОблысы #CreativeAimaq #КреативтіИндустрия #АидаБалаева #МаратАхметжанов #QazaqCreativeHub #КреативтіЭкономика #Қазақстан #Жаңалықтар