Астанада Instagram мен TikTok арқылы заңсыз құмар ойын ұйымдастырғандардан 124,8 млн теңге өндірілді

50

Munarmedia.kz.04.10.2026.ASTANA- Астанада Instagram және TikTok әлеуметтік желілері арқылы заңсыз құмар ойындарын ұйымдастырған екі адамның мемлекетке 124,8 млн теңгеден астам заңсыз табысы өндірілді.

Елорда прокуратурасының мәліметінше, сот прокуратура берген азаматтық талап-арыздарды толық қанағаттандырған. Өндірілген қаражат қылмыстық жолмен алынған табыс ретінде мемлекет кірісіне аударылды.

Прокуратура бұл талап-арыздардың заңсыз ойын бизнесіне қатысты екі қылмыстық іс бойынша сот үкімі шыққаннан кейін берілгенін хабарлады.

Құзырлы органның түсіндіруінше, тиісті лицензиясыз интернетте құмар ойындар мен лотерея ұйымдастыру – қылмыстық құқық бұзушылық. Бұл талап әлеуметтік желілер арқылы өткізілетін заңсыз ойындарға да қатысты.

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлікті тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға өмір бойына тыйым салу жазасы қарастырылған.

Прокуратура азаматтарды әлеуметтік желілердегі заңсыз құмар ойындарға қатыспауға және күмәнді онлайн ойындар мен лотереяларға ақша аудармауға шақырады.

#Астана #ЗаңсызОйын #ҚұмарОйын #Instagram #TikTok #Прокуратура #124Миллион #Заң #Құқық #Munarmedia