Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Астанада өткен парадта бірегей қазақстандық әскери техника таныстырылды

90


2025 жылғы 7 мамырда Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті. Шара барысында отандық өндірістің жаңа бронетехника үлгілері — Taimas 8x8 және Aibar 4x4 алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Бұл техника – халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесі әрі қазақстандық қорғаныс өнеркәсібінің дамуына жасалған маңызды қадам.

Taimas пен Aibar — посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ техникалар. Олар НАТО стандарттарына сай, Қазақстан жерінің ерекшеліктері мен әскери қажеттіліктерін ескере отырып арнайы әзірленген. Жобаға қазақстандық Astana MPR Project компаниясы, Түркияның Otokar кәсіпорны (Koç Holding құрамындағы Fortune Global 500 тізіміне енген жалғыз түрік компаниясы), және Қытайдың Norinco корпорациясы (Қытайдағы ең ірі 50 компанияның бірі, әскери техника экспортында жетекші) қатысқан.


Парадқа жобаның халықаралық серіктестері де арнайы келіп қатысты. Norinco корпорациясының вице-президенті Лань Цзе мен Otokar Central Asia басқарма мүшесі Уфук Айбар салтанатты іс-шараға қатысып, Қазақстан халқын Жеңіс күнімен құттықтады.

Технология мен өндірісте – толық локализация

Бұл жоба жай ғана бірлескен өндіріс емес. Қазақстан эксклюзивті технологияларға және оларды жергілікті жерде өндіру құқығына ие болды. Бронепластиналарды кесуден бастап, соңғы құрастыруға дейінгі барлық негізгі кезеңдер Астанадағы зауытта жүзеге асырылады.

Жаңа бронемашиналар Түркияның Arma 4x4 және Cobra II үлгілері негізінде жасалып отыр. Бұл платформалар бұған дейін Қазақстан армиясында қолданылып жүрген. Сонымен қатар, Norinco лицензиясымен Қазақстанда жасалатын заманауи ұрыс модульдерімен жабдықталған.

Taimas пен Aibar техникалары тек Қазақстан Қарулы күштері үшін ғана емес, экспортқа да бағытталған. Қазірдің өзінде бірнеше шет мемлекет бұл техникаларға қызығушылық танытуда.



Taimas 8x8: маневрлі ауыр бронемашина

Taimas — 8x8 доңғалақты формуласы бар, көпмақсатты ауыр платформа. Ол STANAG 4569 стандартына сай баллистикалық және минаға қарсы қорғаумен жабдықталған. Машинада 100 мм зеңбірек, 30 мм зеңбірек және 7,62 мм пулеметтен тұратын бірегей ұрыс модулі орнатылған. Сонымен қатар, басқарылатын танкке қарсы зымыран қолдану мүмкіндігі бар. 30 тонна салмағына қарамастан, Taimas амфибиялық мүмкіндіктерін сақтап, жоғары маневрлікке ие.

Otokar Central Asia өкілі Уфук Айбардың айтуынша, бұл машина танкті жоюға қабілетті. Taimas үш түрлі климаттық аймақта 50 мың шақырым сынақтан сәтті өткен. Қазіргі таңда ол ресми түрде Қорғаныс министрлігінің қару-жарағына қабылданған.



Aibar 4x4: жеңіл әрі әмбебап бронемашина

AibarOtokar компаниясының Cobra II платформасы негізінде жасалған, жеңіл көпмақсатты бронемашина. Орталық Азия жағдайына бейімделген. Бұл техника қазірдің өзінде арнайы операциялар күштері мен Ұлттық ұлан қатарына берілген.

Aibar әртүрлі мақсатқа сай — ұрыс, санитарлық, командалық-штабтық, байланыс немесе техникалық көмек көрсету — бірнеше нұсқада шығарылуы мүмкін. 9 адамға дейінгі экипажға арналған. Заманауи қорғаныс және байланыс жүйелерімен жабдықталған.



Халықаралық серіктестік және болашақ экспорт

Жоба аясында шетелдік технологиялар қолданыла отырып, өндірістің барлық маңызды кезеңдерін біртіндеп Қазақстан аумағында жүзеге асыру көзделген. Экспорттық жеткізулер кезінде техникалар қазақстандық брендпен шығарылады.


«Ең алдымен, шақырту үшін алғыс білдіремін. Жеңістің 80 жылдығына арналған парадтақатысу – біз үшін үлкен құрмет. Қазақстан армиясының дайындығының жоғары деңгейін және әскери өнеркәсібіңіздің даму қарқынын өз көзімізбен көрдік — бұл өте әсерлі. Қытай мен Қазақстан – көршілес елдер, сенімді серіктестер әрі достық қарым-қатынаста. Екі ел басшылары арасындағы тығыз диалог өзара ынтымақтастықтың берік негізін қалап отыр», — деді Norinco корпорациясының вице-президенті Лань Цзе.