Астанада Qyran тұрғын үй кешенінде пәтерлер заңсыз сатылғаны анықталды — қаржы мониторингі агенттігі

33

Munarmedia.kz 01.12.2025 / Астана / Астанадағы Qyran тұрғын үй кешенінде пәтерлер мен коммерциялық нысандар заңсыз сатылғаны белгілі болды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, сату офисінде күдіктілер өздерін құрылыс компаниясының өкілдері ретінде таныстырып, әлеуетті сатып алушыларға жобаның макеттерін, техникалық паспорттарын, сенімхаттарын және компанияның жылжымайтын мүлікке «иелік құқығын дәлелдейтін» жалған құжаттарды көрсеткен.

Азаматтарға пәтерлерді, коммерциялық орынжайларды және автотұрақ орындарын нарықтан төмен бағамен ұсынған. Тұтынушыларға барлық мәміле «заңды» деп сендіріліп отырған.

Алайда нақты сатып алу-сату шарттары жасалудың орнына, күдіктілер тек брондау келісімдері, задаток туралы келісімдер мен алдын ала шарттар рәсімдеген. Мұндай құжаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды және сатып алушыға меншік құқығын бермейді.

«Жәбірленушілер төлемді қолма-қол да, қолма-қол емес те түрде күдіктілердің жеке шоттарына аударған. Бұл операциялар ТОО-ның бухгалтерлік және банк құжаттарында мүлде көрсетілмеген. Нәтижесінде азаматтардың 3,8 млрд теңгеден астам қаражаты ұрланған»,— деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігі.