Астанада шетелдіктерге заңсыз ЖСН рәсімдеу схемасы әшкереленді

59

Munarmedia.kz.18.06.2026. ASTANA – Астанада шетел азаматтарына Қазақстан аумағына келмей-ақ жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) заңсыз рәсімдеу дерегі анықталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, 2024-2025 жылдары әлеуметтік желілер арқылы қашықтан ЖСН алуға мүдделі шетел азаматтары іздестірілген. Тергеу барысында заңсыз схемаға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының елордадағы филиалдарының бірінің қызметкерлері қатысқаны анықталған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер халыққа қызмет көрсету орталығының ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізіп, өтініш берушілердің міндетті рәсімдерден өткенін көрсететін жалған өтінімдер рәсімдеген.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, көрсетілген қызмет үшін алынған сыйақы делдалдар арқылы банк аударымдары түрінде қабылданып, кейін схемаға қатысушылар арасында бөлініп отырған.

Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан заңнамасына сәйкес шетел азаматтары ЖСН-ды тек жеке қатысу арқылы және міндетті биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана ала алатынын еске салды.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданған. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

#Астана #ЖСН #ҚМА #ҚаржылықМониторингАгенттігі #АзаматтарғаАрналғанҮкімет #ХҚКО #ЗаңсызСхема #Шетелдіктер #Қазақстан #Munarmedia