Астанада тұмау күшейіп барады

18

Munarmedia.kz 20.11.2025 / Астана/ Астананың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері елорда аумағында күшейтілген санитариялық әрі індетке қарсы шараларды енгізу жөнінде қаулыға қол қойды. Бұл шешім маусымдық жұқпалардың өршуіне байланысты қабылданды.

Соңғы бір апта ішінде қалада жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың 23 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Науқастардың 60 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар.

Қаулы аясында келесі шаралар көзделеді:

Медициналық ұйымдардың жұмысын күшейту: жұқпалы дертке шалдыққан адамдарды оқшаулау, қабылдау бөлмелерінің жұмысын кеңейту, маска режимін сақтау, дене қызуын өлшеуді бақылау, вирусқа қарсы препараттардың жеткілікті қорын қамтамасыз ету.

Білім беру нысандарында алдын алу талаптарын қатайту: бір сыныптағы оқушылардың 30 пайыздан астамы ауырған жағдайда оқу процесін 20 қараша мен 5 желтоқсан аралығында қашықтан форматқа көшіру; балалар мен қызметкерлерге арналған күнделікті таңертеңгі «фильтрді» өткізу.

Массалық іс-шараларды шектеу: халық көп жиналатын шараларды уақытша тоқтату немесе шектеулі форматта өткізу.

Бұл шаралар инфекцияның одан әрі таралуын тежеуге және қала тұрғындарының денсаулығын қорғауға бағытталған.