Астанада жеке клиникалардың басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 682 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді.

53

Munarmedia.kz. 18.01.2026 /Астана/ –Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің елордалық департаменті прокуратураның қолдауымен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Екі бірдей жеке клиниканың басшысы ұсталды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2022 жылы қор медициналық ұйымдармен жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеге қызмет көрсету туралы келісімшарттар жасаған. Аталған келісімдерге жылжымалы медициналық пойыз жобасы аясындағы қызметтер де кірген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, жоба іске қосылғаннан кейін клиникалар басшысы алаяқтық схема ұйымдастырған. Ақпараттық жүйеге медициналық көмек алмаған адамдар туралы әдейі жалған мәліметтер енгізілген. Оларға ойдан шығарылған диагноздар қойылып, көрсетілмеген қызметтер тіркелген.

Жүйеде күн сайын 90-нан 150-ге дейін осындай «пациент» есепке алынған. Соның нәтижесінде клиникалар МӘМС қаражатынан заңсыз түрде 682 млн теңге алған. Тергеу дерегіне сәйкес, 2024 жылдың қаңтарында қылмыстық жолмен табылған кірістің 364 млн теңгесі бизнес басшысы мен оның жұбайының жеке шоттарына аударылған.

Сот санкциясымен күдіктінің мүлкіне, оның ішінде Испаниядағы қала сыртындағы үйіне, Астанадағы пәтеріне және автокөлігіне тыйым салынды.