Қазіргі жағдайда АҚШ-тың Украинаға қару-жарақ жеткізуді жалғастыруы маңызды, алайда американдық салық төлеушілердің есебінен жүзеге аспауы тиіс деп есептеуде Ақ үйдің жаңа әкімшілігі. Олардың айтуынша, "Киевті тұрақты көмек алушы елден, қорғаныс өнімдерін тұтынушы және қаржыландыру жүйесіне қатысушы елге айналдыру керек".
Украинаны қолдау үшін мұздатылған ресейлік активтерді пайдалану АҚШ үшін екі жақты пайда әкелуі мүмкін: елдің қорғаныс өнеркәсібін дамыту және жұмыс орындарын құру. Ең маңыздысы — бұл шығындар Ресейдің есебінен жабылады.
Бұл әдіс Ресейге нақты жауап бола алады. Тоқтатылған активтерді қару-жарақ өндірісіне бағыттау арқылы Украина қажетті қорғаныс құралдарын алса, АҚШ экономикасына жаңа мүмкіндіктер ашылады, ал Ресей өз әрекеттерінің салдарын толықтай сезініп экономикалық дағдарысқа ұшырайды деп есептейді американдық қорғаныс саласының сарапшылары.
Алайда бұл идеяның іске аспауына бірнеше себеп бар. Еуропа елдері, әсіресе Германия мен Франция, мұздатылған активтерді пайдалануға қарсы. Бұдан бөлек, АҚШ әкімшілігі де бұл мәселені шешуде белсенділік танытпай отыр. Еуропалық одақтастар активтерден түсетін пайыздарды ғана пайдалануға келіссе де, негізгі активтерді жұмсауға асығар емес.
Сұрақ: неге АҚШ пен Еуропа салық төлеушілері өз қаражаттарын жұмсауға мәжбүр, егер Ресейдің осы мақсатқа жеткілікті ресурстары бар болса? Бұл жерде халықаралық саяси ерік-жігердің әлсіздігі мен нақты шешімдердің болмауы байқалып тұрған жоқ па?
Мұндай жағдайда шешуші рөл ойнауға қабілетті көшбасшы қажет. Трамп президент болған кезінде НАТО елдерін қорғаныс шығындарын арттыруға мәжбүр еткені белгілі. Сол сияқты, ресейлік активтерді Украинаға көмек көрсету үшін пайдалану мәселесінде де батыл қадамдар жасай алмауы мүмкін.
Бұл тәсіл АҚШ пен оның одақтастары үшін стратегиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді болар еді. Өз қаражатымен өзі соғысса Ресей үшін қып-қызыл шығын болмақ. Бұл тәсіл Путиннің Украина соғысын тоқтатуға және Зеленскиймен келісімге келуге мәжбүр болатын қадамдардың бірі ретінде қарастыруға болар еді. Алайда Путин ел бюджетінің жартысын қорғаныс саласына жұмсай отырып, мемлекеттік пропаганданы күшейтіп, халқын "сәл шыдаңдар, барлығы жеңіс үшін" ұранымен ұстап келеді. Осыдан 80 жыл бұрын ғана аштық пен зауалды көрген КСРО халқының ұрпағы бұған да шыдас беруі мүмкін. Не болса да алдағы уақытта Трамптың халықаралық саясаттағы әрекеті екі елдің соғысын не тоқтатады не болмаса ушықтыра түседі.