Атбасардың түзеу мекемесіндегі резонансты іс қайта қаралуы мүмкін

22

Munarmedia 19.03.2026 /Астана/ — Ақмола облысында Атбасар қаласындағы түзеу мекемесінде азаптау дерегі бойынша қозғалған резонансты қылмыстық іс жаңа сипат алды, деп хабарлайды Munarmedia.

Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Атбасар ауданындағы ҚАЖ қызметінің 12 қызметкеріне қатысты ақтау үкімін жойып, істі сол сотта, бірақ өзге құрамда қайта қарауға жіберді.

Еске салайық, өткен жылдың желтоқсан айының соңында мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот айыпталушыларды Қылмыстық кодекстің 146-бабы 3-бөлігі 1-тармағы («азаптау») бойынша кінәсіз деп таныған еді. Мұндай шешім алқабилердің қылмыс оқиғасы болмағаны туралы вердикті негізінде қабылданған.

Алайда апелляциялық қарау барысында облыстық сот бірқатар өрескел процессуалдық заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, алқабилер құрамында бұрын сотталған адамның болғаны белгілі болды, бұл қолданыстағы заң талаптарына қайшы келеді.

Сонымен қатар, сот талқылауы кезінде қорғау тарапы судьяның ескертулеріне қарамастан алқабилердің қатысуымен жәбірленушілердің ар-намысына тиетін мәлімдемелер жасаған. Сот алқасының пікірінше, бұл жағдай алқабилердің дәлелдерді қабылдауына және қорытынды шешіміне әсер етуі мүмкін.

Бұдан бөлек, алқабилердің қатысуымен жәбірленушілерге қатысты жария етуге жатпайтын мәліметтердің айтылғаны да анықталған.

Қазіргі уақытта іс жаңа құрамда қайта қаралуы тиіс.