Қызылорда қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балабақшаның тәрбиешілері сөйлей алмайтын, мүгедектігі бар баланы дәретін ұстай алмай қалғаны үшін дәретханаға қамап қойған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Анасының айтуынша, баласының диагнозы бар. Баласы «Үркер» деген мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған топқа барады екен. Баласы дәретханаға барғысы келетінін айта алмай, үлкен дәретін бұтына жіберіп қойған.
«Бұл топта мүмкіндігі шектеулі бала көп. Балам үйге келіп, қолды-аяққа тоқтамай жылады. Әттең, тілі жоқ, айта алмайды. Оны апайлары туалетке қамап қойғанын топтағы сөйлей алатын балалар аналарына айтып барыпты. Сондай ата-ананың бірі маған телефон соғып, айтып берді. Бірден балабақшаның камерасындағы видеоларды көріп, көзім жетті. Құзырлы органдардан осы балабақшаны тексеруін сұраймын», - дейді жанайқайын айтқан ана.