Munarmedia.kz 04.01.2026 /Астана/ Атырау облысының Жангелдин ауылында бір отбасының бірнеше айдан бері із-түзсіз жоғалғаны туралы ақпарат тарады. Олардың жоғалу себептері мен мән-жайы әлі күнге дейін анықталған жоқ.
Мәліметтерге сәйкес, шамамен алты ай бұрын 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев Ақтау қаласына жұмыс іздеп кеткеннен кейін хабар-ошарсыз қалған. Ал қазан айында онымен бірге оның ата-анасы мен әпкесі — Мақсот Қарабалин, Насип Өтешқалиева және Мирагүл де байланысқа шықпай қалған.
Туыстары полицияға арызданғанына қарамастан, арада бірнеше ай өтсе де, жоғалған отбасы мүшелері туралы ешқандай дерек жоқ.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, отбасы жоғалғаннан кейін Наурыздың атынан WhatsApp мессенджері арқылы барлық үй малы сатылған. Алайда оның өзі Жангелдин ауылында көрінбеген. Туыстарының мәлімдеуінше, сатудан түскен қаражат әкесінің жеке есепшотына аударылған.
Ақпаратқа сәйкес, отбасының үйі сол күйі өз меншігінде қалып отыр. Іздеу бағыттамалары елдің барлық өңіріне жіберілгенімен, олардың қайда екені әлі белгісіз.
Атырау облыстық Полиция департаменті бұл дерекке қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, отбасының жоғалғаны туралы арызды әкенің әпкесі 25 желтоқсанда тапсырған.
«Полиция қызметкерлері олардың жүрген жерін анықтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Іздеу жұмыстарына еліміздің өзге өңірлерінің полицейлері де бағдарланды. Алдын ала мәлімет бойынша, ерлі-зайыпты және олардың 33 және 35 жастағы екі ересек баласы Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне бет алған болуы мүмкін», — делінген полиция хабарламасында.
Құқық қорғау органдары іздестіру шараларының жалғасып жатқанын атап өтті.