Munarmedia.kz 07.01.2025 /Астана/ Атырау облысы Мақат ауданында мас күйінде көлік басқарған жүргізуші мен екі полиция қызметкері 300 мың теңге көлеміндегі заңсыз сыйақы алу фактісі бойынша дау-дамайға ілікті.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, алкогольдік масаң күйде болған азамат көлік құралын басқарғаны үшін ұсталған. Жүргізуші куәлігінен айырылып қалмау мақсатында ол полиция қызметкерлеріне аталған соманы берген. Алайда қол жеткізілген уағдаластыққа қарамастан, құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Осыдан кейін жүргізуші берілген қаражатты қайтаруды талап еткен. Алайда ақшаның не себепті қайтарылмағаны жөнінде ақпарат берілмеді. Соның салдарынан азамат ішкі қауіпсіздік қызметіне жүгінген.
24 желтоқсан күні күдікті деп танылған екі полиция қызметкері аудандық полиция бөлімшесінің жеке құрамымен өткен жалпы жиналыс барысында ұсталды. Сол күні аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, қызметкерлер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қызметтік тексеріс қорытындысы бойынша екі полиция қызметкері де теріс себептермен ішкі істер органдарынан босатылғаны хабарланды.