Атырау облысындағы отбасының өліміне қатысы бар деген күдікті сот психиатриялық сараптамаға жіберілді

59

Munarmedia.kz 11.03.2026 /Astana/–Атырау облысында бір отбасының бірнеше мүшесі қаза тапқан резонанстық іс бойынша күдікке ілінген кіші қыз сот-психиатриялық сараптамаға жіберілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

Әңгіме отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиева туралы болып отыр. Құқық қорғау органдары оның қылмысқа ықтимал қатысын тексеріп жатыр.

ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Канат Нурмагамбетовтің айтуынша, қылмыстың басты себебі ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжал болуы мүмкін.

«Төрт адамның өліміне әкелген қылмыстың негізгі мотиві – ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал. Тергеу “екі немесе одан да көп адамды өлтіру” бабы бойынша жүргізіліп жатыр және іс министрліктің бақылауында», – деді ол.

Туыстарының айтуынша, Ақбаян қазір Атырау қаласындағы психиатриялық мекемеде жатыр. Олар оның бұрын психиатриялық есепте тұрған-тұрмағанын нақты білмейтіндерін айтты.

Полиция мәліметінше, күдіктінің психикалық жағдайын анықтау үшін ол арнайы медициналық ұйымға сот-психиатриялық сараптамаға жіберілген.

Еске салсақ, Атырау облысында төрт адамнан тұратын отбасының жоғалып кеткені 2025 жылдың қарашасында белгілі болған. 2026 жылдың қаңтарында ата-анасының мәйіттері өз үйлеріндегі сарайдан табылған.

Кейін отбасының кенже қызы мен оның күйеуі Индонезияда ұсталды. Тергеу күйеуін негізгі күдікті ретінде қарастырып отыр.

Ал 11 наурыз күні Атырау қаласының маңынан бұған дейін із-түзсіз кеткен тағы екі адамның – Наурыз бен Мирамгүлдің денелері табылғаны хабарланды. Қазір іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Толығырақ:
https://t.me/Munarmedia 📲