Атырауда депутатпен байланысы бар компания салған үйлер құлай бастады

38

Munarmedia.kz 18.11.2025 / Астана / Атырау қаласындағы Талғайран шағынауданында тұрғындар дабыл қағуда. Бар болғаны бес жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама аясында салынған коттедждер құли бастады. Бұл үйлерді кезінде құрылтайшысы Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов болған «БатысАльянсСтрой» компаниясы тұрғызған.

Тұрғындар үйдің қасбеттері мен бөлмелердің ішінде пайда болған үлкен жарықтарды, кей үйлердегі іргетастың бүлінгенін көрсетуде.

«Біз ипотека алып, дұрыс үйге қол жеткіздік деп ойладық. Енді қабырғалар ажырап, іргетас қозғалып жатыр. Ремонт жасағаннан еш нәтиже жоқ. Үйде тұрудың өзі қорқынышты. Балаларымыз үшін алаңдаймыз», – дейді тұрғындар.

Халықтың айтуынша, бұл жағдайға құрылыс сапасының төмендігі немесе арзан материалдар себеп болуы мүмкін.

Акиматтың мәліметінше, 60 үй 2018 жылы «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша салынған.

«Нысандардың кепілдік мерзімі 2020 жылы аяқталды. 2023 жылы мердігер компания жарықтарды өз күшімен бекіткен. Жаңа шағымдардан кейін тағы бір тексеріс басталды. Құрылыс компаниясы сараптаманы өз есебінен жүргізеді», – деп хабарлады шенеуніктер.

Ал тұрғындар болса, тәуелсіз бағалау жүргізуді талап етіп отыр. Егер үйлер апатты деп танылса, оларды басқа жерге көшіруді сұрайды.

• Суреттерді жергілікті тұрғындар ұсынды.