Әуе компанияларының жауапсыздығына қалай қарсы тұруға болады? Сот арқылы құқық қорғаудың бір жолы

7

Munarmedia.kz | 06.09.2026 | ASTANA  Қазақстандық әуе компанияларының рейстерді жиі кешіктіруі мен кейінге қалдыруына жолаушылардың біртіндеп үйреніп кеткені рас. Кейде рейс уақыты өзгереді, ұшақтың орнына сыйымдылығы төмен әуе кемесі беріледі, тіпті тіркеуден өткен жолаушылардың өзі рейстен тыс қалып жатады.

Алайда жолаушы мұның бәріне үнсіз төзуге міндетті емес. Соңғы уақытта ондаған қазақстандық азамат демалысының бұзылуы мен жоспарларының орындалмауына байланысты әуе компанияларынан өтемақы талап етіп, сотқа жүгініп жүр. Олардың арасында сотта өз талабын қанағаттандырғандар да бар.

Әуе компаниясының сапасыз қызметіне байланысты құқық қорғаудың тағы бір жолы – әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша сотқа жүгіну.

Осындай тәсілді Ақтау – Алматы бағыты бойынша әуе билетін сатып алған жолаушының мүддесін қорғаған адвокат Талғат Миерманов қолданған.

Жолаушы мінуі тиіс рейс 20 сағаттан астам уақытқа кешіккен. Соның салдарынан адамдар қонақүй жалдап, тамақтанып, басқа да күтпеген шығындарды өз қаражаты есебінен өтеуге мәжбүр болған.

Осыдан кейін жолаушы әуе компаниясына хат жазып, жұмсаған қаражатын өтеуді талап етеді. Алайда оның өтінішіне 15 тәулік ішінде жауап берілмеген.

Адвокат Талғат Миерманов осыған байланысты сотқа жүгініп, әуе компаниясын әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұраған. Іс сотта қаралып, жолаушының өтінішіне белгіленген мерзімде жауап бермеу фактісі құқық бұзушылық ретінде танылған.

Нәтижесінде әуе компаниясына 302 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Кейін Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы сот қаулысын өзгеріссіз қалдырды. Осылайша шешім заңды күшіне енді.

Бұдан бөлек, әуе компаниясы рейстің кешігуіне байланысты жолаушының барлық шығынын өтеген.

Яғни бұл жағдайда жолаушы өз қаражатын қайтарып қана қоймай, әуе компаниясының жауапсыз әрекетіне байланысты әкімшілік жауапкершілік мәселесін де сот арқылы көтере алған.

Сондықтан рейс ұзақ уақытқа кешіккен жағдайда жолаушыларға барлық шығынды құжатпен растаған жөн. Қонақүйге, тамаққа және басқа да қажеттіліктерге жұмсалған қаражаттың түбіртектері мен төлем құжаттарын міндетті түрде сақтап қойған дұрыс.

Одан кейін әуе компаниясына жазбаша түрде талап жолдап, шығындарды өтеуді сұрауға болады.

Егер компания жолаушының өтінішіне заңда белгіленген мерзімде жауап бермесе, азамат өз құқықтарын қорғаудың заңды жолдарын пайдалануға құқылы.

Ең бастысы – жолаушы өз құқығын білуі, шығынын құжатпен дәлелдеуі және заң талаптарына сәйкес әрекет етуі керек.

Рейс кешіккен жағдайда берілетін бір бөтелке су мен тамаққа ғана қарап қалмай, өзіңіз көтерген нақты шығындарды өтеу мәселесін де заң аясында талап етуге болады.

#MunarmediaKz #Қазақстан #ӘуеКөлігі #ЖолаушыҚұқығы #ӘуеКомпаниясы #РейсКешігуі #Өтемақы #Сот #Заң #Құқық #ТұтынушыҚұқығы