Munarmedia.kz 30.09.2025 /Астана/ Әлеуметтік желілерде кеңінен тараған ақпаратқа сәйкес, Атырау әуежайында танымал қазақстандық әнші Бейбіт Қорған ұсталғаны хабарланды. Көпшілік бұл жағдайға таңданысын жасырмай, түрлі пікір білдіруде.
Полицияның ресми түсіндірмесінде «әуежай аумағында 44 жастағы қала тұрғыны ұсталды» деп көрсетілді. Ер адамның алкогольдік мас күйінде болып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны, балағат сөздер айтқаны және полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны анықталған.
Сот шешімімен ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық қорғау органдары атап өткендей, заң бәріне бірдей: танымалдылық, мәртебе немесе атақ ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. «Қоғамдық орындарда мас күйде жүру, ұсақ бұзақылық және полицияға бағынбау – әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады, сондықтан әрбір азамат заң алдында жауап береді», – делінген көлік полициясының мәлімдемесінде.
Бұл оқиға қоғамға тағы бір маңызды ескерту жасады: өнер адамы болсын, қарапайым азамат болсын – барлығы заң алдында тең. Әншінің шығармашылығын құрметтейтін тыңдарман үшін бұл күтпеген жаңалық болса, құқық қорғау органдары үшін ол – қоғамдағы тәртіпті сақтаудың қалыпты әрі міндетті қадамы.