Алматы облысында жетім балаларға арналған мекеменің Қонаев қаласына көшірілуі дау туғызып жатыр.
«Бұдан үш ай бұрын ғана Алматы облысы әкімдігі балаларды ешқайда көшірмейтінін айтып, уәде берген еді. Енді сол сөзінен тайқып, балалар үйін Бағанашылдан Қонаев қаласына ауыстыру туралы шешім қабылдап отыр. Меніңше, осы бір жер теліміне әлдебір топтардың көзі түсіп, оның орнында элиталық үй мен таунхаустар бой көтеруі мүмкін», – деген еді депутат.
Жағдайдың анық-қанығын білу үшін депутат балалар омбудсмені Аружан Саинмен бірге балалар үйіне арнайы бармақшы.
Алматы облысы әкімдігі өз кезегінде осы жағдайға шұғыл түсініктеме берді.
Әкімдік мәлімдемесінде:
«Бағанашылдағы балалар үйінің ғимараты 1963 жылы салынған. 2024 жылы жүргізілген техникалық тексеру қорытындысы бойынша ғимарат апатты жағдайда екені анықталды. Инженерлік желілері тозған, қабырғаларында жарық пайда болған. Санитарлық, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейді. Осы себепті балалар заманауи стандарттарға сай жаңа ғимаратқа көшірілуде», – делінген.
Әкімдіктің сөзінше, Қонаев қаласындағы жаңа ғимарат жеке инвесторлардың қаржысына салынған.
Қазір балаларды кезең-кезеңімен көшіру басталды. Алғашқы кезеңде 1-4 сыныпта оқитын 44 бала көшіріледі, ал үлкен сынып оқушылары кейінірек ауысады. Балалардың білім алуына, әлеуметтік бейімделуіне еш кедергі болмайтынын да алға тартып отыр әкімдік.
«Әлемжеліде тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Балалардың барлығы тегін медициналық қызметпен қамтылған. Олар болашақта тұрғын үй кезегіне де тұра алады. Көшіру шешімі тек балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен сапалы білім алуына бағытталған», – деп түсіндірді әкімдік.
Қазіргі уақытта мекемеде 171 бала тәрбиеленуде, оның 125-і жетім, 46-сы әлеуметтік жағдайы қиын отбасылардың балалары.