1972 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған автоматты ғарыш станциясы — «Космос-482» жақын күндері Жерге құлауы мүмкін. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады.
Салмағы 500 килограмм, диаметрі 1 метр болатын бұл аппарат бастапқыда Венераға қону үшін жіберілген еді. Алайда ұшыру кезінде зымыран тасығышта ақау туындап, станция Жер орбитасынан шыға алмай қалған.
Соңғы 53 жыл бойы «Космос-482» Жерді айналып ұшып жүріп, біртіндеп төмендеді. Ғалымдардың болжауынша, 2025 жылғы 10 мамыр шамасында ол сағатына 242 шақырым жылдамдықпен Жерге құлайды.
The Guardian дерегі бойынша, аппараттың нақты қай жерге құлайтыны және атмосферада толығымен жанып үлгере ме — әзірге белгісіз. Дегенмен, Жер бетінің басым бөлігін су айдындары құрайтындықтан, құрылғы мұхитқа құлауы мүмкін.
Ғарыш аппараты салыстырмалы түрде шағын, сондықтан адамдарға тікелей қауіп төндірмейді. Ғалымдар жыл сайын Жерге осындай көлемдегі бірнеше метеориттің құлайтынын айтады.
Алайда аппараттың толықтай жанып кетпеу қаупі де бар, себебі оны Венераға қонуға лайықтап жобалаған — ал ол жақтағы атмосфера Жермен салыстырғанда әлдеқайда тығыз әрі агрессивті.
Бұған дейін Қазақстан ғарышқа жер серігін және өзінің зымыранын ұшырған болатын.
Фото: Envato Elements