Munarmedia.kz 17.03.2026 /Astana/ – Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы жаңа Конституция бойынша өткен референдумнан кейінгі алғашқы Саяси кеңес отырысын өткізді.
Партия мәліметінше, 2026 жылғы 16 наурызда Астана қаласында өткен жиынға Саяси кеңестің 19 мүшесі, өңірлік филиалдардың 20 жетекшісі және 26 мәслихат депутаты қатысты. Сонымен қатар аудандық филиалдардың басшылары онлайн форматта бақылаушы ретінде қосылды.
Отырысты партия төрағасы Азаматхан Әміртаев ашып, «Байтақ» партиясы жаңа Конституцияны елордадан бастап ең шалғай өңірлерге дейін бірауыздан қолдағанын атап өтті. Оның айтуынша, қоршаған ортаны қорғауды конституциялық қағидат ретінде бекіту партия үшін маңызды әрі саналы шешім болды.
Жиын барысында референдум қарсаңындағы жұмыстардың қорытындысы шығарылды. Партия өкілдерінің айтуынша, ел бойынша 500-ден астам кездесу мен түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылған. Сондай-ақ қатысушылар қазақстандықтарды жаңа Конституция күнімен құттықтады.
Кеңес қорытындысында партия алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді айқындады. Атап айтқанда, жаңа Конституциядағы экологиялық нормаларды нақтылайтын заң жобаларын әзірлеу және қоғамдық бақылауды күшейту негізгі басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді.