Munarmedia.kz 04.12.2025 /Астана/ 16 мың шақырымдық экологиялық велоэкспедиция: «Байтақ» партиясы Қазақстанның шынайы экологиялық картасын ұсынды.
Алматыда Қазақстанның жасылдар партиясы — «Байтақтың» бастамасымен іске асқан бірегей экологиялық велоэкспедицияның қорытынды баспасөз конференциясы өтті. Төрт айға созылған, ұзындығы 16 000 шақырымды қамтыған бұл сапар елдің экологиялық ахуалын көзбен көріп, қолмен ұстап анықтаған ірі қоғамдық зерттеудің біріне айналды.
Экспедицияны жүргізген Сапар Аманжолұлы осы уақыт аралығында барлық өңірді аралап, ондаған қала мен ауылдың экологиялық жағдайын тікелей бақылап, жиналған деректерді фото, видео және аудиоматериалдар арқылы дәлелдеді. Оның айтуынша, Қазақстанның табиғи байлығы мол болғанымен, экологиялық қиындықтар да кем емес — әрі олар көп жағдайда ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жүйелі мәселелер.
Сапар барысында еліміздің әр аймағына тән, бірақ түптеп келгенде ұлттық деңгейдегі ортақ проблемалар анықталды:
• Өндірістік аймақтардағы ауыр ластану.
Теміртау, Өскемен, Екібастұз сияқты қалаларда атмосфералық ауа құрамындағы зиянды қалдықтар нормадан бірнеше есе жоғары.
• Тозған су инфрақұрылымы.
Көптеген ауылдарда ауызсу жүйесі ескірген, құбырлардан су емес, лай ағады. Кейбір елді мекендерде суды тасып ішуге мәжбүр.
• Қоқыс полигондарының шамадан тыс толуы.
Қатты тұрмыстық қалдықтардың жиналуы бақылаудан шыққан, кей өңірлерде жабылуы тиіс полигондар әлі де жұмыс істеп тұр.
• Жайылымдардың ластануы.
Пластик қалдықтар мен өндіріс қалдықтарының салдарынан мал жаю қиынға айналған.
• Жойылып бара жатқан шағын өзендер.
Экспедиция барысында ондаған кіші өзендердің тартылып кеткені немесе қоқысқа толып қалғаны тіркелді.
«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев велоэкспедицияны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Таза Қазақстан» ұлттық стратегиясының нақты жалғасы деп атады. Оның айтуынша, бұл жоба қағаз үстіндегі бастама емес, ел ішіндегі экологиялық ахуалды шынайы көрсетуге бағытталған қоғамдық мониторинг.
Сапар Аманжолұлына конференцияда «Ұлы даланың жасыл елшісі» деген атақ беріліп, оның еңбегі экологиялық қозғалыстың жаңа мотивациялық символына айналды.
Алматыдан басталған сапар Қазақстанның барша аймағын қамтып өтті:
Алматы → Қонаев → Талдықорған → Үшарал → Аягөз → Өскемен → Семей → Павлодар → Екібастұз → Қарағанды → Теміртау → Астана → Көкшетау → Петропавл → Қостанай → Ақтөбе → Орал → Атырау → Арал → Қызылорда → Түркістан → Шымкент → Тараз → Қордай → Алматы.
Бұл бағыт табиғаттың әртүрлілігін ғана емес, экологиялық мәселелердің де біркелкі еместігін көрсеткен. Кей өңірлерде жағдай күрделі болса, кей жерлерде жергілікті тұрғындар мен белсенділер табиғатты қорғауда айтарлықтай жетістікке жеткен.
Баспасөз конференциясында сапардан жиналған фото, видео және аудиоматериалдар көрсетілді. «Байтақ» партиясы жақын күндері өңірлер бойынша толық экологиялық шолулар жариялайтынын мәлімдеді. Бұл есептер билікке де, қоғамға да нақты деректер ұсынады.
Партия алдағы уақытта экологиялық бақылауды күшейту, жасыл жобаларды қолдау, ағаш отырғызу, сенбіліктер ұйымдастыру, волонтерлік пен жастар бағдарламаларын дамыту жұмыстарын жалғастыратынын айтты.
Экспедиция, ұйымдастырушылардың пікірінше, экологиялық мәдениетті жаңа деңгейге көтеріп, табиғатты қорғау тек мемлекеттің емес, әрбір азаматтың да ортақ жауапкершілігі екенін көрсетті.