«Байтақ» жасылдар партиясы Түркістан облыстық филиалының IV конференциясы өтті

53



2025 жылғы 21 қазан күні Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының Түркістан облыстық филиалының IV конференциясы  өтті.


Іс-шараға Партия Төрағасы Әміртаев Азаматхан Сайлауұлы қатысып, өңірлік филиалдың алдағы кезеңдегі стратегиялық бағыттары мен негізгі міндеттерін жариялады. Оның сөзінде партияның басты мақсаты — Түркістан өңірінде экологиялық мәдениетті дамыту, жасыл экономика мен тұрақты даму қағидаларын кеңінен насихаттау, қоғамды жасыл құндылықтар төңірегінде біріктіру екені атап өтілді. Сонымен қатар, Партия Төрағасы өңірлік филиалдың жұмысын тиімді ұйымдастыру, жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыру, табиғи ресурстарды сақтап, экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелерге баса назар аударды.


Конференция барысында Түркістан облыстық филиалының жаңа төрағасы болып Руслан Мұратұлы сайланды. Жаңа басшының қызметіне тағайындалуы өңірлік филиалдың дамуы мен партиялық бастамаларды жүйелі іске асыруға серпін береді деп күтілуде.

Сондай-ақ конференцияда саяси кеңес мүшелері мен ревизиялық, есеп комиссияларының жаңа құрамы сайланды. Бұл шешімдер партияның ішкі құрылымын жаңғыртып, ашықтық пен есептілікті күшейтуді көздейді.


Жиын барысында партия мүшелері өңірде жасыл саясатты жүзеге асыру жолдарын, экологиялық жобаларды қолдау, қалдықтарды қайта өңдеу, орман мен су ресурстарын қорғау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, Түркістан облысында жасыл экономика саласында инвестиция тарту, экотуризмді дамыту, жастарды экологиялық бастамаларға тарту сияқты маңызды стратегиялық бағыттар айқындалды.


Конференцияның негізгі қорытындысы — Түркістан облыстық филиалының жұмысы жанданып, партияның өңірдегі беделі артып, қоғамды жасыл құндылықтар төңірегінде біріктіру бағытындағы саяси және экологиялық миссиясы нақты іске асарына сеніміміз зор.