Munarmedia.kz 24.09.2025 / Астана /Астанадағы Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотта Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қайтарылған активтер жөніндегі комитеті Нұрбол Назарбаевқа қарсы арызы бойынша іс қарала бастады, деп хабарлайды Kursiv Media.
Басылым мәліметінше, әлеуметтік желілерде бұл іске қатысты ақпараттар таралып үлгерген. Онда Нұрбол Назарбаев аталған іс бойынша жауапкер ретінде көрсетілген. Алайда, соттан алынған ресми түсініктемеге сәйкес, бұл талап-арыз емес, өтініш бойынша қаралатын іс. Сондай-ақ, құпия материалдардың болуына байланысты процесс жабық түрде өтуде.
Kursiv Media атап өткендей, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың мұрагерлік ісіне қатысты жаңа мәліметтер жария болуда. Болат Назарбаев қайтыс болғаннан кейін, оның жары кәмелетке толмаған балаларының мұрагерлік құқықтарын қорғау үшін сот процесін бастады. Алайда белгілі заңгер Анна Чернованың айтуынша, мүлікті бөлу процесіне Болат Назарбаевтың үлкен ұлы – Нұрбол Назарбаевтың әрекеттері кедергі келтіріп отыр.
Ашық дереккөздерге сәйкес, Нұрбол Назарбаев 2011 жылдан 2017 жылға дейін Алматы облыстық ІІД-де қызмет атқарған, соның ішінде басшының орынбасары лауазымын да иеленген. 2017 жылы ол «Prime Capital Holding» инвестициялық қорын құрған және соның бақылау кеңесінің төрағасы ретінде тіркелген.
Сонымен қатар, Hola News ақпараттық арнасы атап өткендей, Назарбаевтар әулетінің аты ақпараттық кеңістікте осы демалыс күндері қайта пайда болды. Ақмола облысында Жер ресурстарын басқару департаменті Бурабай шипажайындағы элиталық жер телімдері бойынша соттасып жатқаны мәлім болды. Жауапкерлер қатарында – Болат Назарбаевтың балалары бар.
Айта кетейік, ҚР Бас прокуроры Берік Асылов бұған дейін олигополия субъектілерінен заңсыз жолмен иемденген 1,3 трлн теңгеден астам актив қайтарылғанын мәлімдеген болатын. Оның ішінде 850 млрд теңгеге жуығы мемлекеттік кіріс ретінде түскен. Сонымен бірге, Асыловтың айтуынша, заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі ведомство Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне трансформацияланады. Жаңа құрылым мүлде қарама-қарсы функцияларды атқаратын болады.