Бас прокуратура Дубайдағы жекеменшік үйлерді тексермейтін болды

38

Munarmedia.kz 13.03.2026 /Astana/ – Қазақстан Бас прокуратурасы Дубайдағы Fairmont The Palm резиденциясындағы қазақстандықтардың жылжымайтын мүлкі туралы ақпаратты тексеруге негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, шетелде жылжымайтын мүлікке иелік ету өз алдына заң бұзушылық болып саналмайды.

Fairmont The Palm резиденциясы (жанында осы аттас қонақүй орналасқан) Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жасанды Пальма Джумейра аралында орналасқан.

Айта кетейік, 28 ақпанда аталған қонақүй маңына ирандық ұшқышсыз ұшу аппараты құлап, салдарынан төрт адам зардап шеккен.

2 наурызда «Азаттық» радиосының қазақ қызметінің журналисі Манас Қайыртайұлы Facebook парақшасында осы резиденциядағы 97 пәтер Қазақстан азаматтарына тиесілі екенін жазды. Ол 2024 жылы Дубайдағы қазақстандық шенеуніктер мен олардың отбасы мүшелерінің жылжымайтын мүлкі туралы бірнеше журналистік зерттеу жариялаған болатын.

Журналистің мәліметінше, пәтер иелерінің арасында Сенаттың бұрынғы төрағасы Қайрат Мәминың ұлы Мирас, сондай-ақ Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталовтың жұбайы Бағдат Баталова бар.

Манас Қайыртайұлы бұл деректерді халықаралық қылмыс пен қақтығыстарды зерттейтін америкалық C4ADS үкіметтік емес ұйымының мәліметтеріне сүйене отырып келтіреді. Ұйым бұған дейін 2020–2022 жылдарды қамтитын Дубайдағы жылжымайтын мүлік тізілімін «Азаттық» радиосына ұсынған.

Аталған реестрге сәйкес, 1550 Қазақстан азаматы Дубайда жалпы құны 1 миллиард доллардан асатын шамамен 2700 жылжымайтын мүлік нысанына ие. Олардың қатарында пәтерлер мен виллалардың иелері ретінде қазіргі және бұрынғы қазақстандық шенеуніктер мен олардың туыстары да көрсетілген.

Ал Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жылжымайтын мүлікті небәрі 40 адам (60 нысан) ғана декларациялаған.