Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Бас прокуратура кәсіпкер Арғын Нығматулинге іздеу жариялады

61


Құқық қорғау органдары Арғын Нығматулинді Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген қаражатты жымқырды деп күдіктенуде.

«Нығматулин А.З. күдікті деп танылды, оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Ол Қазақстан Республикасынан тыс жерде жүргендіктен, іздеу жарияланды», – деп мәлімдеді Қазақстанның Бас прокуратурасы.

«Мемлекеттік архив» мәліметінше, Арғын Нығматулин – «Сарыарқа» хоккей клубы» ШЖҚ директоры қызметін атқарады және Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болып табылады.

Ал «ҚазТАГ» агенттігі іздеуде жүрген кәсіпкерді Нығматулиндер әулетінің үлкені деп атайды. Басылым еске салғандай, Арғынның інісі Нұрлан Нығматулин 2022 жылғы қаңтар оқиғаларынан кейін, 1 ақпанда Мәжіліс төрағасы қызметінен кеткен. Ол 2016 жылдан бері парламенттің төменгі палатасын басқарған, сондай-ақ, бұған дейін 2012–2014 жылдары да Мәжіліс спикері болған. Әр жылдары Президент әкімшілігін басқарған және Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарған. Нұрланның егіз ағасы Ерлан Нығматулин де депутат болған, әрі Мәжілісте де, Сенатта да қызмет еткен.

«Нығматулиндер әулетіне қатысты рейдерлік басып алу, қылмыстық құрылымдарға қатысы бар деген айыптаулар мен қылмыстық істерді қолдан ұйымдастыру жөніндегі күдік бірнеше рет айтылған. Алайда олар әлі күнге дейін бостандықта... 2025 жылғы 7 қаңтарда Нығматулиндердің рейдерлік әрекеттері туралы жаңа айыптаулардан кейін, Қасым-Жомарт Тоқаевты биліктен тайдыруға дайындық жүргізді деген күдікке ілінгені хабарланды», – деп жазады «ҚазТАГ», журналистер «Elmedia»-ның пайымдауларына сілтеме жасап.

2016 жылы «ҚазТАГ» агенттігінің негізін қалаушылардың бірі Сейтқазы Матаев 6 жылға, ал оның ұлы Әсет Матаев 5 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Оларға алаяқтық және салық төлеуден жалтару айыптары тағылған. Алайда 2022 жылы Жоғарғы сот оларды ақтап шықты. Сейтқазы Матаев 2016 жылы өзінің қылмыстық қудалауын Нұрлан Нығматулин мен басқа да ықпалды тұлғалар «ҚазТАГ»-ты бақылауға алу үшін ұйымдастырды деп мәлімдеген болатын.