Басшылар слайд пен баяндаманы қойып, өз сөзін өзі жазып үйренуі керек

43

Президент өз сұхбатында: «Сөйлейтін сөзімді өзім мұқият қарап шығамын. 

Өзім жазамын. Қателік жібергенді ұнатпаймын» деді. Бұл – жай ғана жеке әдет емес, бұл – басшылық мәдениетінің өлшемі. Ал бізде ше?

Өзі сөйлейтін сөзін жазбақ түгілі, жазып берген мәтінді дұрыс оқи алмайтын әкімдер мен министрлер, комитет төрағалары, компания басшылары бар. 

Бұл – риторикалық әлсіздік емес, сауатсыздықтың белгісі.  Аппаратына, орынбасарларына әбден сеніп алған кейбір басшылар кабинетінде ыңқылдап, халықтың алдында мыңқылдап қалады. Негізі, басшы деген – өз саласын жетік меңгерген маман болуы керек. 

Түн ортасында оятсаң да, жауапкершілігіндегі кез келген бағытты жатқа айтып беретін деңгейде болуы шарт.

Кеше Премьер-министр Олжас Бектеновтің слайд пен құрғақ баяндамадан бас тарту туралы ұсынысы – өте дұрыс әрі уақтылы қадам. Өзімнің көп жылғы мемлекеттік қызметтегі тәжірибемде талай әкімнің, басшысының, комитет төрағасының, министр орынбасары мен министрдің бар-жоғы  үш беттік баяндамасы мен слайдын он-он бес адам болып, түнімен отырып жазған кездеріміз аз емес. Оны менсінбей түзетіп қоятынын қайтесің? Білсең өзің жазып алмайсың ба?  Бұл – жасанды басқару моделі.

Шын мәнінде, басшылық қызметке саланы терең меңгерген, халық алдында екі тілде еркін сөйлейтін, харизмасы бар,  аппарат қызметіне тәуелді емес, өз сөзін өзі жазып, өзі жеткізе алатын адамдар келуі керек.

Бұл жағынан Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайда көпке үлгі болатын азамат. 

Ал енді жаңа әкім немесе басшы тіпті министрлі тағайындар алдында эссе жаздырып, бес-алты минут еркін тақырыпта сөйлетіп  тексеріп немесе шешендік өнер курсынан өткізіп барып  тағайындаған артық болмас еді. Сонда ғана әр аудан мен облыс әкімінің айналасына қаптаған аппарат ұстаудың қажеті болмайды.

 Өйткені аппарат -басшыны біртіндеп бюрократияға, тәкаппарлыққа, жалқаулыққа тәрбиелейді. Аппаратты қысқарту– мемлекеттік қызметті оңтайландырудың ең тиімді жолы. 

Бір аудан әкіміне екі орынбасар, бір көмекші, бір кеңесші, бір хатшы, бір жүргізуші жетіп жатыр. Ал қалған жұмыстарды толық цифрландыру қажет. Қалай болғанда да, бір өзгеріс басталды.  Әрине, ескі форматпен жұмыс істеп үйренген әкімдер мен министрлерге жаңа жүйеге көшу оңай болмайды.

Баяжума Асылбек