Баяжума Асылбек. «Цифрландыруға толық көшу: Қазақстанның болашағы мен өркениеттік таңдауы»

83

Munarmedia.kz /Астана/ 25.09.2025-8 қыркүйек күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халқымызға Жолдауын жариялады. Бұл Жолдау — Қазақстанның ертеңгі бағытын айқындайтын стратегиялық бағдар. Президентіміз атап өткендей, біз жаңа дәуірге қадам басып отырмыз — бұл жасанды интеллект заманы.

Бір қарағанда «жасанды интеллект» түсініксіз көрінуі мүмкін, бірақ ол біздің өмірімізде қазірдің өзінде бар: телефондағы аударма бағдарламалары, интернеттегі іздеу жүйелері, дәрігерлерге диагноз қоюға көмектесетін компьютерлік жүйелер — бәрі жасанды интеллекттің жемісі. Президенттің сөзі анық: Қазақстан бұл жаңа толқынды өткізіп алмауы тиіс. Уақыттан қалсақ, ел дамымай қалады, жастар шетелге кетеді, шаруашылық артта қалады. Ал егер дұрыс пайдалансақ, жасанды интеллект еңбек өнімділігімізді арттырып, әрбір саланың қызметкерлеріне қолдау көрсетеді.

Халыққа тигізетін нақты пайдасы:

  1. Жастарға: жаңа мамандықтар — бағдарламашы, инженер, дизайнер, сонымен қатар агро-айти, робототехника, медициналық аналитика саласында жұмыс орындары пайда болады.
  2. Жұмысшыларға: ауыр еңбектің бір бөлігі техникаға көшеді. Мысалы, трактор өздігінен жүреді, қоймадағы робот жүкті көтереді, ал адам оны қадағалайды, басқарады.
  3. Қарапайым халыққа: мемлекеттік қызметтер жеңілдейді, құжат рәсімдеуді үйден отырып, телефон арқылы жасауға болады.
  4. Ауыл шаруашылығына: фермерлер дрон мен смарт-карталар арқылы егістікті бақылап, су мен тыңайтқышты тиімді пайдаланады, өнімділік өседі.

Бүгінде әлемде бәрі жасанды интеллектке миллиардтаған қаржы құйып жатыр. АҚШ та, Қытай да, Ресей де артта қалмауға тырысады. Президенттің сөзі нақты: егер біз артта қалсақ, дайын өнімді сатып алуға мәжбүр боламыз; ал өзіміз игерсек, бәсекеге қабілетті мемлекет боламыз.

Адами капитал – басты байлық

Елдің байлығы тек мұнай немесе алтын емес, адам мен оның білімі, еңбегі мен шығармашылығы. Сингапур, Оңтүстік Корея, Финляндия сияқты мемлекеттер табиғи ресурсы аз болса да, білім мен технологияға инвестиция салып, өркениетті елге айналды. Қазақстан да дәл осы бағытта жүруі тиіс: жасанды интеллектті енгізіп, жастарды жаңа технологияға үйрету — болашаққа инвестиция.

Экономикалық тиімділік

  • Егіншілік: дрон мен спутниктік бақылау, жасанды интеллект арқылы ауа райын болжап, өнімділікті арттыру. Тыңайтқыш пен суды үнемдеу.
  • Мал шаруашылығы: смарт-бақылау жүйелері малдың денсаулығын қадағалайды, роботтандырылған қоралар жұмысшылардың ауыр еңбегін жеңілдетеді.
  • Ауыл кәсіпкері: өнімді онлайн сауда арқылы делдалсыз сату, жер құнарлылығын жоспарлау, жаңа агро-айти мамандықтарын ашу.
  • Экономика: шығын азаяды, өнім көп болады, ауыл шаруашылығы экспортқа бағдарланады.

Экологияға пайдасы

  • Ормандар мен жайылымдарды спутник арқылы бақылау, заңсыз ағаш кесу, дала өртін алдын ала анықтау.
  • Смарт-суару жүйелері суды үнемдейді, ақылды энергия жүйесі артық электр шығынын азайтады.
  • Қалдықтарды автоматты түрде жинап, қайта өңдеуді жеңілдету.

Жұмыс нарығы мен жаңа мамандықтар

Жойылатын мамандықтар: кассирлер, қарапайым есепшілер, қойма жұмысшылары, хатшылар, кейбір жүргізушілер.
Жаңа пайда болатын мамандықтар: деректер талдаушы, жасанды интеллект инженері, киберқауіпсіздік маманы, робототехника инженері, дрон операторлары, агро-айти мамандары, биоинформатика және экологиялық IT мамандары.

Цифрландыру ауыр әрі қайталанатын жұмысты роботтарға береді, ал адамдарға білім, шығармашылық, аналитикалық ойлау қажет болатын жаңа мүмкіндіктер ашады.
Цифрландыруға толық көшу — тарихи таңдауымыз. Бұл халықтың тұрмысын жеңілдетіп, экономиканы әртараптандырып, Қазақстанды жаңа деңгейге көтереді. Ең бастысы — әрбір қазақстандық білімін жетілдіріп, жаңа технологияның белсенді қатысушысына айналуы қажет.

Қазақстанның болашағы — цифрлық, бірақ ең бастысы адам капиталына сүйенген, әділетті және өркениетті қоғам құруда. Жасанды интеллект бізге қолқанат болады, оны дұрыс пайдалану біздің қолымызда. Бірлігімізді сақтап, білімге ұмтылып, жаңа дәуірге бірге қадам басайық!