Munarmedia.kz 20.01.2025 /Астана/-8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жасап, жоғары өкілді биліктің рөлін қайта бөлуге және күшейтуге бағытталған жаңа саяси реформаны ұсынды.
Сол кезде-ақ бұл бастаманың ауқымы мен күрделілігі айқын көрінді. Ұсынылып отырған өзгерістер Ата Заңның бірнеше бөлігін қамтуы мүмкін, тіпті мазмұны жағынан жаңартылған Конституцияны қалыптастыру туралы айтуға негіз бар.
Президент бұл реформаны талқылау ұзақ қоғамдық әрі сараптамалық диалогты талап ететінін ашық айтты. Соның нәтижесінде 2027 жылы жалпыхалықтық референдум өткізіліп, одан кейін конституциялық архитектураны жаңарту көзделіп отыр.
Бастаманы іске асыру іс жүзінде кідіріссіз басталды. Бір айдан кейін арнайы жұмыс тобы құрылып, ол жарты жылға жетпейтін уақыт ішінде бес толық форматтағы отырыс өткізді.
Кездесулер барысында болашақ бірпалаталы Парламенттің негізгі параметрлері — оның саны, өкілеттік мерзімі, сайлау үлгісі, заң шығару үдерісінің логикасы және биліктің өзге тармақтарымен өзара іс-қимыл форматы жан-жақты талқыланды.
Бүгін Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен жұмыс тобының алтыншы отырысы өтті. Онда қатысушылар заманауи талаптар мен жинақталған институционалдық тәжірибені ескере отырып, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған өзгерістердің жинақталған тұжырымдамасын ұсынды.
Талқылауға жеті бірдей саяси партия, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес-қоғамдастық, академиялық орта және салалық сарапшылар белсенді түрде тартылғаны атап өтілді. Сонымен қатар жұмыс тобына жалпы конституциялық құрылым, саяси институттарды дамыту және қоғамдық қатысу тетіктерін жаңарту мәселелеріне қатысты азаматтардан шамамен 1,6 мың өтініш келіп түскен.
Мұндай ауқымды кері байланыс қоғамның барлық қабаты мемлекет болашағының моделін талқылауға жоғары деңгейде тартылғанын көрсетеді.
Президент өз кезегінде қоғамдық пікірталастар мен сараптамалық талқылаулардың барысын мұқият бақылап отырғанын, келіп түскен бастамалар мен түзетулер жобаларын талдап жатқанын жеткізді.
Алда тұрған өзгерістердің тереңдігін бағалай келе, Қасым-Жомарт Тоқаев институционалдық негізді жүйелі түрде қайта құру және заң шығарушы билік тармағын түбегейлі жаңғырту міндетін айқындады.
Мемлекет басшысы ертең өтетін Ұлттық құрылтай отырысында жаңа саяси модельдің негізгі контурларын айқындайтын нақты идеяларды ұсынатынын мәлімдеді.