Баяжума Асылбек.Путинге табыну — бізге жат. Кан әулетінің кезекті арандатуы не білдіреді?

44



Munarmedia.kz 10.10.2025 /Астана/ Алматының төрінде, қазақ жерінде, қазақ халқының көз алдында Ресей президенті Владимир Путинге мадақ айту сеансы өтті. Ең сорақысы — бұл насихат кездейсоқ бір жерде емес, сән-салтанатпен ұйымдастырылған, қоғамның кең ауқымды бөлігін қамтитын әйелдер медиафорумында болды. Иә, сөз бостандығы бар шығар. Бірақ бостандық басқыншылықты дәріптеуге дейін жетпеуі керек.

BeWoman деп аталатын бұл форумда Ресейден арнайы шақыртылған коуч Алексей Ситников Путинді «пассионар тұлға», «әлемді өзгертетін лидер» деп мақтап, оның қайсарлығына бас иді. Бұл — жай мақтау емес. Бұл — басқыншыны биікке көтеру, қазақтың егемендігіне, тарихи жадындағы жараға тұз себу.

Алексей Ситников — өз елінде психология, коммуникация саласында тренинг өткізіп жүрген «коуч». Қарапайым тілмен айтсақ, өз-өзін жарнамалап күн көріп жүрген инфоцыған. Бірақ мәселе мұнда емес. Мәселе — оны қазақ еліне, оның ішінде қазақтың жүрегі – Алматыға арнайы алдыртып, мінберге шығарып қойғандарда.

Ол:

«Путинге 55 мемлекет қарсы шығып жатыр, бірақ ол бәріне төтеп беріп отыр. Трамптың өзі Путинді ұшақтан түскен бетте қалай қарсы алғанын көрдіңіздер ме?» — дейді.

Мұндай сөздерді мылтықсыз майдандағы насихат демей не дейміз?

Бұл даулы жиынды ұйымдастырған — Жанна Кан. Иә, сол Кан әулетінің келіні. Қыс ортасында Екібастұз бен Шымкентті жылусыз қалдырған, энергетика саласын уысында ұстаған алпауыттардың бірі — Сергей Канның зайыбы. Жанна ханым бұған дейін де қоғамның ашуын туғызған мәлімдемелерімен көзге түскен. Мысалы:

«Қазақтар салық төлеуді үйренсін. Сонда ғана елімізде тыныштық болады», — деген сөзін жұрт әлі ұмытқан жоқ.

Яғни қазаққа ақыл айту, қазақтың есебінен капитал жинау және сол қазақтың алдында өзге елдің басшысын мақтату — Кан әулетінің үйреншікті әдеті болып тұр ма?

Әлеуметтік желі бұл жолы бейжай қалған жоқ. Мыңдаған пікір жазылып, халық ашу-ызасын білдіріп жатыр:

  • «Путиннің насихатына Қазақстанда жол берілмеуі керек!»

  • «Ситниковті шақыртқан кім? Оның сөзі үшін кім жауап береді?»

  • «Қазақстанда кімнің идеологиялық сүзгі жүргізіп жатқаны белгісіз»

  • «Бұл — жай коуч емес, Кремльдің жұмсақ күші!»

Алайда, ең сорақысы — бұл наразылыққа ресми билік тарапынан ешқандай үн қатылмауы. Идеологиялық қауіпсіздікке жауапты мекемелер қайда қарап отыр? Путинді мақтаған адам Қазақстанда өз еркімен сөйлеуге мүмкіндік алып отырса — ертең басқа кімдерге есік ашылады?

Путин — қазіргі таңда халықаралық сот ордеріне ілінген, Украинаға қарсы соғыс ашқан, мыңдаған бейбіт тұрғынның өліміне себепкер болған тұлға. Оны мақтап, дәріптеу — сол соғысты ақтау, сол қан төгілген жерлерді жоққа шығару.

Қазақ баласы үшін Путин үлгі бола алмайды. Қазақ тарихында өз жолы, өз көсемі, өз батырлары жеткілікті. Біздің жүрегімізде Абылайдың аруағы, Алаштың рухы бар. Біз басқыншыны емес — тәуелсіздікті сүйеміз.

Бұл оқиға — жай форум емес. Бұл — қазақ қоғамының ішіне еніп жатқан идеологиялық улы сөздердің бір көрінісі. Егер біз мұндай насихатқа жол беруді әдетке айналдырсақ, болашақта бұл тек форумда емес, білім мен мәдениет саясатында да көрініс табуы мүмкін.

Путинді ұлықтаған Ситников емес — оған есік ашқандар қауіпті. Себебі Ситников кетеді, ал салдары қалады. Қазақ халқы ояу болуы керек. Қазақ елінің мінбері — қазақтың сөзін сөйлеуі тиіс. Жағымпаздық пен арандатушылықтың орны — тарихтың қоқыс жәшігі тәрізді.