Бектеновтің дедлайны: Тоқаев түзетуді талап еткен бағдарламада қандай шикілік бар...

26

Шағын бизнес пен қымбатшылықтан қажыған халықтың шағымы Ақордаға жеткен тәрізді. Тоқаев Үкіметке апта соңына дейін қазіргі экономикалық реформаның кем-кетігін түзету жоспарын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Ertenmedia.

Президент бағдарламадағы басымдықты шағын және орта бизнесті қолдауға, халықтың табысын арттыруға бағыттауды міндеттеп отыр.

Мемлекет басшысының айтуынша, экономикалық саясат негізінен ел мүддесі мен жаһандық трендке сай келеді. Дегенмен бағдарламаның нақты орындалуын шағын бизнесті көтермелеуге, инвестициялық ахуалды жақсартуға және жалпы экономиканы сауықтыруға бейімдеу керек. Бектеновтың 48 сағат уақыты бар... Бұған дейін Ertenmedia-ға пікір білдірген экономист Расұл Рысмамбетов биліктің кедейлікпен күрес стратегиясы жұмыс істемейтінін айтқан. «Халықта капитал жоқ. Тіпті үтік пен шәугімге дейінгі шағын дүниені де кредитке алатын болдық. Қымбат зәулім үйлер аңырап-қаңырап тұр. Оған көшіп барады-ау деген орта таптың табысы ортайып қалған. Тапқан табысыңның тең жартысын тамаққа жұмсау, шыны керек трагедия», — деген еді ол. Бірер ай бұрын Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойған.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап құжатқа сәйкес қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеріліп, жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіліп, «байлыққа салынатын салық» пайда болады.

Кодекс қабылданған соң бизнес өкілдері оның тәуекелі жоғары екенін мәлімдеді. Сарапшылар кәсіпкерлер үшін алдағы жылдар «тіршілік үшін күрес кезеңіне» айналатынын айтуда. Жаңа салық саясаты бухгалтерияны қиындатып, шығынды арттырып, микробизнеске ауыр соққы болмақ. Көптеген шағын кәсіпкер жеңілдетілген режимнен айырылуы мүмкін. Елдегі екі таңбалы инфляция қазақтардың қалтасын қағып-сілкіп жатыр. Halyk Finance есебінше тұрғындардың жалпы шығынының 52,5 пайызы азық-түлікке жұмсалады екен. Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжановтың дерегінше Қазақстанда кедейлік деңгейі соңғы он жылда екі есеге жуық өскен. 2015 жылы халықтың 2,7 пайызы кедей деп есептелсе, 2024 жылдың соңында бұл көрсеткіш 5,1 пайызға жеткен.