Бұған дейін Қазақстанда Астана халықаралық форумын өткізу жоспарланып отырғаны туралы айтылған еді. Енді оның шамамен 4,5 млрд теңгеге түсетіні белгілі болды.
Вице-премьер Серік Жұманғарин бұл қаржының толық игерілуі әлі белгісіз екенін алға тартып, негізгі шығындарды жабу үшін спонсорлар тарту көзделіп отырғанын айтты. «4,5 млрд – бұл қазірге қажетті шамамен алынған сома. Жалпы, мұндай деңгейдегі форумдар үшін бұл аса үлкен сома емес. Ұйымдастыру жұмыстары, негізінен, бюджеттен тыс көздер есебінен, яғни демеушілер қаржысына жүргізілмек. Бұл – стандартты тәжірибе. Осындай форумдар елге инвесторлар тарту үшін қажет», – деді Жұманғарин.
Сонымен қатар, ол форум біраз уақыт өткізілмегенін, алайда қазір қаржылық жағдайдың тұрақталғанын атап өтті.
Айта кетейік, өткен жылы бұл форумға 1,4 млрд теңге бөлінуі тиіс еді, бірақ елдегі су тасқынына байланысты кейінге шегерілген болатын.