Бензин қымбаттаса, инфляцияға қатты әсерін тигізе ме? Тауар бағасын реттеу бойынша қандай да бір жоспар, жалпы Үкіметтің сценарийі бар ма? – деп сұрады журналистер Серік Жұманғариннен.
Сенбіде біз инфляцияға қатысты кеңес өткіземіз. Қазір азық-түлік тауарларына инфляция көрсеткіші бойынша Қазақстан 2-орында, төменгі орында. Жыл басынан бергі өсім Армения мен Қазақстанда – 2,9%. Басқа тауарлар мен қызметтердің бағасы өсті. Сондықтан біз осы сенбіде үкіметаралық үлкен кеңес өткізіп, қазір қандай факторлар инфляцияға әсер ететінін қараймыз. Себебі, бізге берілген тапсырма – биыл инфляция 8%-дан аспауы керек, - деді Серік Жұманғарин.
Жұманғарин бензиннің бағасы азық-түлікке әсер етпейтінін айтты.
Бензин бағасы өседі деген ақпарат берілген жоқ. Бірақ өз тәжірибеме сүйеніп айтайын. Бензин бағасы азық-түлікке көп әсер етпейді. Себебі азық-түлікті тасымалдағанда оның бағасына әсер ететіні - дизель отыны. Дизель отыны өссе, әрине, ол өз әсерін береді. Сондықтан бензин бағасына қатысты нақты айта алмаймын. Бірақ дизель отынының әсері де көп емес, - деп түсіндірді Премьер-министрдің орынбасары.
Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметтері бойынша, Қазақстан азық-түлік тауарларының бағасының өсу қарқынында ең төменгі көрсеткіште Армениядан кейін екінші орынды иеленді. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2,9%-ды құрады, Ресейде 4,5%, Беларусьте 3,7%.