Бибігүл Жексенбай. Аудандық және облыстық баспасөз мұрағатын сақтау – ұлттық маңызы бар мәселе

47


Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай депутаттық сауалында аудандық және облыстық баспасөз мұрағаттарын сақтау мен цифрландыруға қатысты өзекті проблемаларды көтерді.

Сенатордың айтуынша, Қазақстанда 200-ден астам аудандық және қалалық газет бар, олардың басым бөлігі жүз жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жарық көріп келеді. Бұл басылымдар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ресми шешімдерін және елді мекендердің күнделікті өмірін айна-қатесіз көрсетіп отырған.

Алайда соңғы жылдары аудандық баспасөз мұрағаттары бірқатар жүйелі қиындықтарға тап болуда. Атап айтқанда, редакциялар жабылған немесе қайта ұйымдастырылған жағдайда мұрағаттардың жоғалуы немесе жойылуы жиі кездеседі. Сонымен қатар 1930–2000 жылдар аралығында шыққан аудандық газеттердің бірыңғай цифрлық тізілімі мен толыққанды электрондық қоры әлі күнге дейін қалыптаспаған.

Бибигүл Жексенбай құқықтық қауіптерге де ерекше назар аударды. Себебі 1990–2000 жылдары қабылданған көптеген ресми шешімдер тек аудандық газеттерде жарияланған. Мұндай мұрағаттардың жоғалуы азаматтардың құқықтарын қорғау мен сот практикасына кері әсер етуі мүмкін.

Тарихи-мәдени мұраның жойылу қаупі бар. Аудандық газеттер – тәуелсіздік жылдарының шынайы шежіресі, өңір тарихының баға жетпес дереккөзі. Архивтерді қабылдау, сақтау және цифрландыру тәртібі өңірлерде әркелкі. Бірыңғай ұлттық стандарт пен жауапты оператор әлі айқындалмаған, – деді сенатор.

Сенатордың сөзінше, аудандық газеттер архивтері ғылыми зерттеулерге, демографиялық және әлеуметтік талдауға, мемлекеттік саясаттың тиімділігін бағалауға, журналистер мен өлкетанушылардың жұмысына аса қажет. Бұл бастамалар «Ұлттық мұра» және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларының мақсаттарымен толық үндеседі.

Сонымен қатар Бибігүл Жексенбай халықаралық тәжірибеге тоқталып, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Германия сияқты елдерде аймақтық және жергілікті газет мұрағаттарын сақтау мен цифрландыру ұлттық басымдық ретінде қарастырылатынын атап өтті. Бұл мемлекеттерде мұндай архивтер Ұлттық қорларға тапсырылып, бірыңғай мемлекеттік бағдарламалар аясында цифрландырылады.

Осыған байланысты сенатор барлық облыстар бойынша аудандық газеттер архивтеріне толық инвентаризация жүргізуді, оларды сақтау, цифрландыру және мемлекеттік архивтерге тапсырудың бірыңғай ұлттық стандартын әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ біртұтас цифрлық аудандық баспасөз архивін құру, жабылған редакциялардың қорларын мемлекеттік архивтерге қабылдау, бірыңғай іздеу жүйесі мен электрондық базаны қалыптастыру және қаржыландыру көздерін нақтылау қажеттігін айтты.

Бұдан бөлек, ликвидацияланған немесе қайта ұйымдастырылған газет редакцияларының барлық архив материалдарын облыстық мемлекеттік архивтерге міндетті түрде тапсыру тәртібін енгізу ұсынылды.