Munarmedia.kz.17.07.2025 ж. /Астана/-Қырғызстан астанасында әлеуметтік желі арқылы қазақ ұлтының өкілдеріне тіл тигізіп, ұлттық араздықты қоздырды деген күдікпен бір ер адам қамауға алынды. Бұл туралы Бішкек қалалық Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Мәліметке сәйкес, Бішкек қалалық ІІБ экстремизм мен заңсыз миграцияға қарсы күрес қызметі мен Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің қызметкерлері күдіктіні ұстаған. Ол 2025 жылғы 7 шілдеде әлеуметтік желіде қазақ қыздарына қарата балағат сөздер айтып, қорлайтын бейнеролик жариялаған.
«Аталған видео қоғамда теріс реакция туғызып, ұлтаралық мәселелерді қозғап, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тіл тигізетін, этностық белгі бойынша кемсітетін қорлау сипатындағы сөздер айтылған», — делінген ІІБ хабарламасында.
Осы факті бойынша Бішкек қалалық ІІБ тергеу қызметі Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 330-бабы («Нәсілдік, этностық, ұлттық, діни немесе өңірлік араздықты қоздыру») бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі уақытта сот-лингвистикалық сараптамалар тағайындалды.
Күдікті Бішкек қаласындағы №1 тергеу изоляторына бір ай мерзімге қамалды.
Қоғамда резонанс тудырған бұл іс бауырлас екі халық арасындағы қарым-қатынасқа сызат түспеуі үшін Қырғызстан билігінің жағдайға жедел әрекет етуінің маңыздылығын көрсетті. Munarmedia.kz аталған істің әрі қарайғы барысын назарда ұстап отырады.