«Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары шарт талаптарын бұзғаны үшін бюджетке 14,5 млрд теңге қайтарды.

32

Munarmedia.kz. 18.01.2026 /Астана/ – Бағдарлама іске асырылған уақыттан бері «Болашақ» стипендиясы есебінен шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында 13 мыңнан астам маман білім алды.

Қазіргі таңда шамамен 2200 адам еңбекпен өтеу жөніндегі міндеттемелерін орындап жүр, ал тағы 100 стипендиат келісімшарттық міндеттемелерін орындауды кейінге қалдыруды таңдаған.

Сонымен қатар оқу бағдарламасын аяқтағаннан кейін немесе оқу барысында «Болашақ» стипендиясынан айырылғандар да бар. Халықаралық бағдарламалар орталығында стипендиядан айырылудың ең жиі кездесетін себептері аталды:

▪️ шетелде болу – 1,9%;
▪️ диплом алмау – 1,9%;
▪️ академиялық үлгерімнің төмендігі – 1,7%;
▪️ оқуға кіріспеу – 0,9%;
▪️ өзге себептер – 0,7%;
▪️ отбасылық жағдайлар – 0,2%.

Заңнамаға және бағдарлама шарттарына сәйкес, стипендиядан айырылған немесе одан ерікті түрде бас тартқан түлектер оқуларына жұмсалған қаражатты бюджетке қайтаруға міндетті.

Осылайша, «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылған бүкіл кезең ішінде аталған санаттағы азаматтардан өндіріліп, мемлекет бюджетіне қайтарылған қаражат көлемі шамамен 14,5 млрд теңгені құрады.

Бұған дейін Kazinform агенттігі магистратура бағдарламасы бойынша бір стипендиатқа орта есеппен 10–15 млн теңге, ал докторантура бағдарламасы бойынша 20–25 млн теңге жұмсалатынын хабарлаған. Бұл сомаға оқу ақысы, шәкіртақы, әуе көлігімен жол жүру шығындары және өзге де қосымша шығыстар кіреді.

Еске сала кетейік, 2026 жылы «Болашақ» стипендиясына іріктеу қағидалары өзгертіледі. Бұл туралы бұған дейін хабарланған.