«Бурабай» ұлттық паркінің жерлері дауына байланысты Ақмола облысы әкімдігі түсініктеме берді

85

Munarmedia.kz. 08.07.2025 ж /Астана/-2024 жылдың мамыр және тамыз айларында Ақмола облысының прокуратурасы Щучинск қаласының шекараларын өзгерту туралы облыс әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімдерінің күшін жоюды талап етті. Нәтижесінде бұл құжаттар заңдық күшін жоғалтты. Сонымен қатар, Щучинск қаласындағы бірқатар шағынаудандардың егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын бекіту және түзету туралы аудандық мәслихаттың шешімдері, сондай-ақ Бурабай кентінің бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы біріктірілген құжат та жойылды.

Алайда даудың бастауында бұдан жиырма жыл бұрынғы оқиға жатыр. 2004 жылы Бурабай кентінің әкімі 1,0043 гектар жер телімін Қазақстанның Көлік жүргізушілері одағының Орталық кеңесіне жеке меншікке берген. Алғашында жер жалға беріліп, кейін 2005 жылы бұл кеңес «ТРАНССЕРВИС» ЖШС-мен сатып алу-сату келісімшартын жасасқан.

Алайда кейінгі шекараларды қайта қарау нәтижесінде бұл жер учаскесі "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына кіріп кеткені белгілі болды.

💬 «Бұрын қабылданған жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың актілері жойылғанын, Щучинск қаласының шекаралары қайта нақтыланғанын, бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының сәйкестендірілгенін ескере отырып, көрсетілген жер телімі ерекше қорғалатын табиғи аумақ — “Бурабай” МҰТП қарамағындағы жер санатына жатады», — деп мәлімдеді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан ресми сауалға берген жауабында.

Осыған байланысты Жер ресурстарын басқару департаменті 2004 жылғы жалға алу және 2005 жылғы сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тануды сот арқылы талап етіп отыр. Сот процесіне бұл шешімдерге қатысы бар барлық тұлғалар тартылуда.

💬 «Аталған жер телімінің заңды немесе заңсыз түрде берілгені мәселесі тек сот тәртібімен шешіледі», — деп қорытындылады Мұрат Балпан.

Айта кетейік, бұған дейін Munarmedia бұл іске бұрынғы облыс әкімі Ермек Маржықпаев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың да қатысы болуы мүмкін екенін хабарлаған болатын.