Астана соты Мәдениет және спорт экс-вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен SUCCESS K агенттігінің директоры Ләззат Көккөзоваға үкім шығарды.
Қожағапанов қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, оған дәл осы мерзім ішінде басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды. Сот оны мемлекеттік наградаларынан айырып, қамауда болған уақытын жалпы жаза мерзіміне қосуды шешті.
Ләззат Көккөзова бюджет қаржысын иемденгені үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған 7 жыл бойы басшылық қызметтер атқаруға тыйым салынды. Қамауда болған уақыты да жаза мерзіміне есептеледі.
Тергеу нұсқасы бойынша, Қожағапанов коммерциялық ұйымның мүддесі үшін әрекет етіп, 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің XV Өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін өткізу үшін сол ұйыммен келісімшарт жасауға қол жеткізген. Форумды өткізуге арналған смета негізсіз екі есе ұлғайтылып, бұл бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына әкелген. Келтірілген шығын 1 млрд теңге деп бағаланған.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Қожағапановқа 7 жыл, ал Көккөзоваға 8 жыл жаза сұраған еді. Алайда сот жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, жазаны жұмсартты.
Еске салайық, Қожағапанов 2024 жылы 1 наурызда қамауға алынған. Көккөзова үйқамақта болды.
Бұрынғы спорт вице-министрі Қожағапанов 3 жылға сотталды.
