4 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясы 152 елдің тең авторлығымен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын Алматыда құру туралы қарарды бірауыздан қабылдады.
"Бүгін 152 мемлекеттің тең авторлығымен БҰҰ Бас Ассамблеясы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын Алматыда құру туралы қарарды консенсуспен қабылдады,"— деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.
Оның айтуынша, бұл – Қазақстанның сыртқы саясаттағы маңызды жетістігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бастамасын қолдаған барлық серіктес мемлекеттерге алғыс білдірді. Президенттің пікірінше, БҰҰ-ның жаңа өңірлік хабы аймақтағы халықаралық күш-жігерді үйлестіру үшін маңызды алаңға айналады.