БҰҰ жаңа Бас хатшыны сайлау үдерісін бастады

40

Munarmedia.kz 02.02.2026 /Астана/ Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблеясы бірлескен хат дайындап, осылайша ұйымның жаңа Бас хатшысын сайлау рәсімін ресми түрде бастады. Құжатты қараша айында Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ететін Сьерра-Леоненің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі таратқан. Бұл туралы Exclusive.kz агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлады.

Құжатта аталған хаттың мақсаты — «кандидаттарды ұсыну кезеңін бастау, іріктеу және келесі Бас хатшыны тағайындау үдерісін іске қосу» екені көрсетілген.

Бірлескен хатта БҰҰ тарихында ұйымды басқаруға әлі күнге дейін бірде-бір әйелдің тағайындалмағаны «өкінішпен атап өтіледі». Осыған байланысты «мүше мемлекеттерге әйел кандидаттарды ұсыну мүмкіндігін байыпты түрде қарастыру ұсынылады». Сондай-ақ құжатта «Бас хатшыны таңдау барысында өңірлік әртүрліліктің маңыздылығы» да атап көрсетілген.

БҰҰ Бас хатшысы қызметіне үміткерді ұйымға мүше мемлекеттер ұсынады, әр ел бір ғана кандидатты алға тарта алады. Кандидатты ұсыну үшін мемлекеттер Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблея төрағаларының атына тиісті хат жолдауы тиіс. Ал үміткерлер өз кезегінде ұйымның даму жөніндегі көзқарасын, сондай-ақ табыс көздері туралы мәліметтерді ұсынуы қажет. Егер кандидат БҰҰ құрылымында жұмыс істеп жүрсе, хатта көрсетілгендей, «мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында сайлау науқаны кезеңінде БҰҰ-дағы қызметін уақытша тоқтата тұру мүмкіндігін қарастыруы тиіс».

Бас хатшыны тікелей сайлау келесі жылдың шілде айының соңына жоспарланған. Қазіргі таңда әлемдік ұйым басшысы қызметіне таласуға ниет білдірген екі үміткер бар. Олар — Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси және БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының Бас хатшысы Ребекка Гринспан.

Айта кетейік, қазіргі Бас хатшы Антониу Гутерриштің өкілеттік мерзімі 2026 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.

БҰҰ Бас хатшысы Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан сайланып, Бас Ассамблеяның бекітуінен өтеді. Оның өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды және қайта сайлану мүмкіндігі бар. Ресми түрде мерзім санына шектеу қойылмағанымен, осы уақытқа дейін ешкім бұл қызметті 10 жылдан артық атқарған емес. Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, БҰҰ басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері — Ресей, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ және Франция өкілдерінің қатарынан сайланбайды.

Фото: © AP Photo / Pamela Smith