Денсаулық сақтау жүйесіндегі ұрлықтар үшін Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы жауапқа тартылуы тиіс – Базарбек

64

Munarmedia.kz 23.01.2026 /Астана/-Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің айтуынша, «Фармация» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы министрлері мен вице-министрлері Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) мен «Фармация» ӘКК-де анықталған заңбұзушылықтар үшін жауап беруі тиіс деп санайды. Ол бұл туралы сәрсенбі күні Мәжіліс кулуарында журналистерге мәлімдеп, бірыңғай дистрибьюторға қатысты қылмыстық істің қозғалғанын хабарлады.

«Менің ойымша, қазіргі жағдайда бұрынғы министрлер мен бұрынғы вице-министрлер жауапқа тартылуы керек. Себебі дәл солардың кезінде МӘМС-тен қаражатты шығаруға мүмкіндік берген бұйрықтар қабылданды және олар бұл бұйрықтарды жойған жоқ. Қазіргі министрді ақтап отырған жоқпын, бірақ ол, ең болмағанда, біздің сынымызға мән беріп, біз көрсеткен кемшіліктерді жойды. Қалай болғанда да, ол нақты бір әрекет жасап отыр», – деді Базарбек.

Сонымен қатар депутат мәселе шешімін таппаса, қазіргі Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға қатысты да депутаттар тарапынан сұрақ қойылатынын атап өтті.

Базарбек өзінің әріптесі Мұрат Әбеновпен бірге 2025 жылдың мамыр айының соңы – маусым айының басында МӘМС қаражаты мен «Фармация» ӘКК-дегі қаржы жымқыру мәселесін көтергенін еске салды.

«“Фармация” ӘКК бойынша жақын арада жаңалықтар болады. Біздің деректеріміз негізінде қылмыстық іс қозғалды, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал МӘМС бойынша құқықтық баға берілмеген фактілерге қатысты осы аптада Бас прокуратураға өтініш жолдаймыз», – деді депутат.

Ол МӘМС жүйесінде «қазіргі таңда жұмыс істемейтін барлық тұлғалар жауапқа тартылуы тиіс» деген пікірін қорытындылады.

Еске салайық, өткен жылдың желтоқсан айында Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрлігіне бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын арттыру мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне талдау жүргізуді тапсырған болатын. Талдау нәтижесінде медициналық ұйымдарды қаржыландыру барысында көптеген заңбұзушылықтар анықталған. Осыған байланысты Үкімет басшысы қорды Қаржы министрлігінің қарамағына беру жөнінде тапсырма берді.

Бұған дейін Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласында тексерулер жүргізуді тапсырған еді. Президент әлеуметтік салаға бөлінетін қомақты қаражаттың «ашық түрде талан-таражға салынып жатқанын» мәлімдеген болатын.