Депутат Ермұрат Бапидің пікірінше "ескі Қазақстанның" елесі ел ішін әлі де кезіп жүр.
"Бұл күштің әлеуеті де, қаржылық-материалды жағдайы да, адами ресурсы да күшті, қазіргі технологияны, интернет ресурстарды пайдалану мүмкіндігі де жоғары. Сондықтан бұл күштерді назардан шығаруға болмайды", - дейді депутат Orda life-қа берген сұхбатында.
"Қорқыту емес. Біздегі сөз бостандығы мемлекетке қауіп төндірмеу керек. Жалпы... елдігімізді ыдырататын, соған ықпал ететін сөз бостандығы бізге қажет емес. Елде соңғы 1-2 жылдың ішінде қаулап өсіп келе жатқан, әсіресе, Telegram мен WhatsApp-та чаттар бар. Осы саясаттың төңірегінде жүргеніме 30 жылдың ар жақ-бер жағы болды. Контенттен, қатысушылардың сөз саптауынан қай жақтан "жел соғып тұрғанын", кімдердің ықпалы бар екенін, сөз астары деген дүниені түсінетін жасқа жеттік…", — дейді ол.
Айтуынша, Тоқаевқа қарсы әрекеттің астарында зығырдан жатыр, өшпенділік, кек алушылық жатыр. Қайткенде де осы билікті құлатып, орнына әлдебіреулердің келуіне ықыласты топтар бар.
"Бұл жерде қауіп қылып айтқаным: қазір Ескі Қазақстан технологияны пайдаланып, коммуникацияны пайдаланып, осындай әрекеттерді бастап жатыр. Нақты тұлғалардың атын атап, түрін түстемей-ақ қояйын. Олардың арасында 50-дің ар жақ-бер жағындағы (Дариға? ред.) жастары бар . Олар биліктен кеткенімен, үйінде бос жатқан жоқ", - дейді Бапи.