Мәжіліс депутаты Марат Башимов елде «кеңейтілген тәркілеу» тетігін енгізуді ұсынды. Яғни, жемқорлыққа қатысы бар тұлғалардан ғана емес, олардың жақын туыстары мен айналасындағы адамдардан да заңды жолмен дәлелденбеген мүлікті тәркілеу қарастырылады.
Депутат бұл жөнінде Бас прокурорға ресми ұсыныс жолдағанын хабарлады. Оның айтуынша, мүлікті тәркілеу үшін сот үкімі қажет емес — жеткілікті дәлел болмаса, мүліктің заңды жолмен алынғанын растай алмаған жағдайда, ол мемлекет меншігіне алынуы тиіс.
«Қазіргі жүйедегі ең үлкен мәселе — күдіктілер мүлікті өздерінің туыстары, таныстары немесе жақын қарым-қатынастағы адамдардың атына рәсімдей салады. Ақырында, тергеу нысанасы болған адам жазасын өтегенімен, оның жинаған байлығы сыртта қалады», — деді Башимов.
Депутаттың пікірінше, бұл жағдай — кездейсоқ емес, жылдар бойы жүйелі түрде қорғалып келген «схема».
«Бізде бір адам ұрлайды, бірақ оның арқасында он адам жақсы өмір сүреді. Сот келсе — жауап беретін біреу ғана, қалғаны сыртта. Бұл — ұлттық әділдікке қайшы. Сондықтан кеңейтілген тәркілеу — тек заң жобасы емес, әділеттің қалпына келуі. Мүлік кімнің атына жазылғаны маңызды емес. Егер адам әйелі не туысы қайдан үш бөлмелі пәтер алғанын түсіндіре алмаса — қош айтыссын», — деп түйіндеді депутат.
Марат Башимовтың айтуынша, жемқорлықпен күресте тек басты фигуранттарды емес, олармен байланысы бар бүкіл тұлғаларды қамту қажет. Ол бұл тетікті заңнамалық деңгейде бекітіп, жүйелі іске асыру керек деп есептейді.